МТРА жаңалықтары

“Тәуелсіздік – тарихтың төл тартуы” атты 2-ші республикалық дебат турнирі өтті

Бақытжан Тұрсынов – турнирдің бас төрешісі:

– Сайысқа Алматы, Астана, Қостанай, Қарағанды мен Петропавл сынды қалалардың пікірсайысшылары қатысуда. Турнир мақсаты – біздің өңірімізде пікірсайыс қозғалысын дамыту. Бүгін теріскейлік жастар еліміздің мықты дебатерлерімен тәжірибе алмасады.

Жеребе тасталып, алғашқы ойын қай командалар арасында өтетіні белгілі болды. Барлығына ортақ тақырып мынадай: “Әлем елдерінде эвтаназияны заңдастыру аяқталады”. Дайындыққа бірнеше минут берілді. Атап өту қажет, сайыс Британ парламенттік форматында ұйымдастырылуда. Ереже бойынша бір фракция тақырыпты жақтап, даттаса, екіншісі сараптама жасап, алып-қосарларын айтады. Бекарыстан Аманжоловтың дебатқа қатысып жүргеніне 8 жылдай болыпты. “Қазақтың еврейлері” атты құрамасының мүшесінде бүгінде 44 кубок бар. Сондықтан, қарсыластарына мықты бәсекелестік танытпақ.

Әр спикерге 6 мин уақыт беріледі. Осы аралықта олар өз ойларының дұрыстығын төрешіге дәлелдеп беруі қажет.

Бекарыстан Аманжолов – турнирге қатысушы, Астана қаласы:

– Пікірсайыс – жастарды сыни ойлауға ғана емес, логикалық талдамаға, сараптай білуге, жүйелі сөйлеуге, яғни көшбасшыға қажет барлық қасиеттерге үйретеді.

Ойын қорытындысы бойынша жеңіске Астана қаласының намысын қорғап келген “Қазақтың еврейлері” командасы жетті. Үздік спикер атағын аталмыш топтың мүшесі Бекарыстан Аманжолов иеленді. Енді, азамат еншісінде 46 кубок бар. Ал, турнирдің жас пікірсайысшылары теріскейлік Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары деп танылды.

 

Эльмира Садвокасова