Қоғам

Петропавлда славян мәдениетінің фестивалі өтті

Кеш шымылдығын жергілікті “Экспромт” би театры ашты. Бұл ұжымның қыздары түрлі ұлттың билерін орындауда. Алдымен, ортада қазақтың бұрымдылары өнер көрсетті. Кейін, көш кезегін беларусь, өзбек халықтарының жеткіншектері алды. “Звонница-Наследие” казак вокалдық-хореографиялық ансамблі де көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Олар “Казчья доля” әнін тамылжыта шырқады.

Владимир Ивашкин – “Звонница-Наследие” казак вокалдық-хореографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі:

– Біздің ұжымға 22 жыл толып отыр. Түрлі халықаралық, республикалық байқауларға қатысып тұрамыз. Осы фестивалде де жылда өнер көрсетеміз. Тыңдармандарға өзіміздің ұлттық әндерімізді шырқаймыз. Билерімізді билейміз. Мұның бәрі тұрғындарға ұнап жатыр. Осындай шаралар арқылы басқа да ансамблдермен жақын араласып жатамыз.

“Покровский перезвон” фестивалінде Ресейліктер де өнер көрсетуде. Қорған облысынан келген “Станица” казак әндері ансамблі кешке қос бірдей туынды әзірлепті.

Александр Филиппов – “Станица” казак әндері ансамблінің атаманы, Қорған қаласы, РФ:

– Осыдан 5 жыл бұрын құрамымызда 4 ер азамат болған еді. Бертін келе қатарымызға нәзік жандылар қосылды. Ресейде осы сынды фестивальдерге қатысып тұрамыз. Жұртшылық әндерімізді сүйсініп тыңдайды. Петропавл қаласының тұрғындары да өнерімізді тиісінше бағалады деп ойлаймын.

Айта кетейік, Петропавлда славян мәдениетінің халықаралық “Покровский перезвон” фестивалі осымен 11-ші рет өткізіліп отыр. Дегенмен, Ресейлік Түмен облысының делегациясы алғаш рет қатысуда. Шекаралас өңірдің өкілдері солтүстікқазақстан жеріне құр қол келмепті. Олар жергілікті “Звоница” халықтың хорына сахналық костюмдерді сыйға тартты.

Ресейліктер мұндай тарту арқылы екі елдің арасындағы байланысты одан әрі арттырмақ ниетте.

Есенғали Ибраев – Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының президентi, РФ:

– Бізді осы фестивальге алғаш рет шақырды. Сол себепті үлкен дайындықпен келдік. Жалпы құны 150 мың рубль болатын сахналық костюмдер тіктірдік. Осындай шаралар Түмен облысында да өтеді. Сонда солтүстікқазақстандықтарды міндетті түрде шақырамыз.

Жалпы, халықаралық фестиваль 3 сағатқа созылды. Мерекелік шарада 20-дан аса ұжым өнер көрсетті.

 

Култанов Байболат