Мәдениет

Өңірлік театр әртістеріне арналған үш күндік шеберлік сабағы өтті

Бүгін де өңіріміздегі үш театрдың мамандарына және болашақ актерлерлерге арналған шеберлік сабақ ұйымдастырылды. Оның жетекшісі – Ресей мен жақын шетелге танымал талай жұлдызға тәлім берген Ирина Автушенко. Қазір мұғалім Мәскеу қаласындағы театр өнерінің институтында жұмыс істейді. Сол себепті, теріскейлік жас өнерпаздардың маманнан үйренері көп.

Ирина Автушенко – Ресейлік театр өнері институтының сахналық тіл мәнері кафедрасының доценті:

– Теріскейлік актерлермен әлі жұмыс істеп көргенім жоқ. Алайда, олардың өзара сөйлескенін естіп, қарапайым қателіктерге жол беретінін байқадым. 3 күндік шеберлік сабақтарында бұндай олқылықтарды жою үшін тер төгетін боламыз. Өз басым 2001 жылдан бері тіл мәнеріне бағытталған сабақтарды жүргіземін. Тәлім алған студенттерімнің арасында кино және театр әлемінен ойып тұрып өз орнын алған жандар бар.

Бір қарағанда қарапайым жаттығулар сөйлеу мәнеріне қалай әсер ете алады деген сұрақ туындауы мүмкін. Алайда, әртістер мен болашақ актерлер мұның маңыздылығын жақсы түсінеді. Сондықтан, барлық қимылды бұлжытпай орындауға тырысуда.

Қазақ сазды драма театрының әртісі Айбол Қасым бұл жаттығулармен жіті таныс. Актер ресейлік Ярослав мемлекеттік театр институтын тәмамдаған. Жас жігіт күніне 3 рет сахна тілін дамытуға бағытталған түрлі қимылдарды жасайды екен. Оның сөзінше, тілдің тазалығы көрерменге сахналық образды 100 пайызға жеткізуге септеседі.

Айбол Қасым – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды- драма театрының актері:

– Тілдің тазалығына байланысты актердің ойы мен ойынын бағалайды. Егер де актердің тілі таза болмаса, көрерменнің көңілі 10 пайызға төмен болуы мүмкін. Тіл назарды өзіңе аудартатын бірінші құрал болғандықтан, бұл ең керек мамандық.

Жалпы, осы шеберлік сабағы актердің дауыс ырғағы мен дикциясын шыңдап, артикуляциялық аппарат жұмысын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, орфоэпия және мәтінмен жұмыс та қамтылады. Бұл – алдағы уақытта сахнадағы тіл мәдениетінің жоғарлауына көмектеседі.

Баатырбек Шәмбетов – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды- драма театрының режисері:

– Мәскеу – біз үшін театр Меккесі сынды. Сондықтан, келген мамандардың бөлісіп жатқан тәжірибесі біздің актерлер үшін өте пайдалы.

Атап өту қажет, бұл шеберлік сабағы Ресейдегі шетелдік орыс театрларын қолдау орталығының көмегімен ұйымдастырылған.

Эльмира Садвокасова