Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыста көмір тапшылығы байқалады

Анастасия Лавренюк – қала тұрғыны:

– Көмірді ала алмай жүрміз. Біраз жерге бардық. Күтіңдер дейді. Үйде бала-шаға жаурап жүр.

Людмила Москаленко да жеке секторда тұрады. Нәзік жанжы күзде осындай қарбаластың боларын біліп, жылыту маусымына жазда қамданып алыпты.

Людмила Москаленко – қала тұрғыны:

– Отын мен 5 тонна «Қаражара» көмірін маусым айында арзан бағаға сатып алдым. Ол кезде көмір де арзан болды. Қазір көршілерім көмірді еш жерден таба алмай жүрміз дейді. Оған қоса жұрт қара отын бағасының шарықтағанын айтуда.

Сапасына қарай көмірдің бағасы түрліше белгіленген. Арзаны 7, қымбаты 16 мың теңгеге жетеді. Биыл Петропавл қаласына қажетті 60 мың тонна қара отынның 3/1 бөлігі ғана жеткізіліпті. Қалғаны алдағы айларда жеткізіледі дейді осы іске жауапты компания өкілдері.

Александр Кондратов – ТЭК “Альянс-Жолы” ЖШС бас директоры:

– Нарықтағы жағдай тұрақталып келеді. «Богатырь Аксес Көмір» және “Майкубен Комiр” компаниялары тапсырысты уақытынан кешіктірмей орындауда. Қазақстан темір жолы Петропавлға 21 вагон бөлді. Оған 1,5 мың тонна көмір тиелді. Жүк жақын күндері қалаға жеткізіледі.

Көмір тапшылығы мәселесі өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз брифингінде көтерілді. СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Айдархан Мусин жағдай жақын күндері тұрақталатынын сендіріп отыр.

Айдархан Мусин – СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

– Биылғы жылыту маусымында солтүстікқазақстандықтарды қара отынмен толық қамту үшін өңірге барлығы 410 мың тонна көмір қажет. Бүгінде оның 65 пайызы жеткізілген. Біраз бөлігін тұрғындар сатып алды. Қазір 27 мың тоннасы ғана қалды. Мұндай мәселе вагондардың жетіспеушілігінен туындап отыр. Алдағы уақытта Қазақстан темір жолы компаниясы қосымша вагондар бөледі. Көмір тапшылығы шамамен 2 аптадан кейін жойылмақ.

Айдархан Мусиннің айтуынша, тапшылық күн күрт суытып, көмірге деген сұраныстың күрт артуынан туындаған. Дегенмен, қара отынға зәру тұрғындар бұл мәселе уақыт созбай шешіледі деген үмітте.

Берік Қасен, Э.Сәдуақасова