Спорт

“Құлагер” ХК қарымта кездесуде «Алтай Торпедо» командасынан 4:2 есебімен басым түсті

Екінші кезеңде кездесу барысы 180 градусқа бұрылды. Әр екі минут сайын екі құраманың қақпаларына шайбалар бірінен соң бірі кіріп жатты. Периодтың 8-ші минутында есепті Денис Стасюк ашып, жергілікті құраманы алға шығарған болатын. Араға екі минут салып қонақтар есепті теңестірді. Шайба авторы 97 нөмірлі «Торпедо» ойыншысы Ернур Хасенов. Араға тағы екі минут салып жергілікті құрама хоккейшісі Илья Ахметов ерекшеленді.

Таблодағы есеп қонақтарды қанағаттандырмаған болуы керек, кезең аяғына 4 минут қалғанда торпедолық шабуылшы Степан Штефан есепті теңестірді. Екінші үзіліске құрамалар 2:2 есебімен тарады.

Дмитрий Исмагилов, «Құлагер» ХК шабуылшысы:

– Бапкерлер қарсыластың осал еместігін айтқан болатын. Бірақ ойыншылардың көбі жас, тәжірибелері аз. Ойын аяғында торпедолықтар шаршап, шайба өткізіп ала береді. Сондықтан оларға қысым көрсетіп жатырмыз.

Үшінші кезең теріскейлік тарландар үшін жеңісті болды. Жинақы ойын көрсете білген құлагерліктер тартыстың 42-ші және 50-ші минуттарында шайба салды. Бұл жолы Константин Чеботаев пен Виктор Луговской ерекшеленді. Қорытынды есеп 4:2. Осылайша Құлагер маусымдағы 9-шы жеңісіне қол жеткізді.

Вячеслав Белан, «Құлагер» ХК бас бапкері:

– Екі ойын да қиынға соқты. Қарсыластың қарқыны осал емес, жинақы ойнайды. Психологиялық дайындықтары да жоғары. Алайда менің қойған тапсырмаларымды жігіттер ойдағыдай орындады. Жеңіс біздікі.

Кезекті жеңістен кейін ел біріншілігінің турнир кестесінде «Құлагер» 32 ұпаймен көш бастап тұр. Кездесулердің келесі сериясы қазанның 15-і және 16-сы күндері павлодарлық «Ертіс» командасымен өтпек.

 

Саят Ермек