Энергетика

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мүшелері ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілмен кездесті

“Сүт одағы” серіктестігінің директоры Александр Кузлякин монополистердің электр энергиясы үшін сараланған тарифті алып тастауына шағымданды. Кәсіпорын шағын емес. Сондықтан, жарықты пайдаланудың әр киловатт сағатына күндіз де, түнде де бір тариф бойынша төлеу тиімсіз дейді кәсіпкер. Болат Палымбетов аталмыш мәселеге жан-жақты сараптама жасалатындығын айтты. Жергілікті кәсіпкерлер көбінесе жер телімдерінің қол жетімсіздігіне, ветеринарлық анықтамаларды беру мерзімінің ұзақтығына шағым білдірген. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов бұл сұрақтарды басты назарға аламыз деді.

Болат Палымбетов – ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл:

– Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің дені жер телімдерін жалға алу анық жүрмейді дейді. Статистикаға көз жүгіртсек, былтырғы жылы бұл облыста жерді жалға беру бойынша тек 2 аукцион ғана өткізілген, ал конкурстар мүлде өткізілмеген. Ал жалға берілген телімдердің аумағы орасан. Бұл қалай болғаны? Мәселені біржақты ету керек. Мен жерді жалға алған кәсіпкерлердің тізімін ұдайы жариялап отыруды ұсынамын. Яғни жергілікті палата мүшелері қай кәсіпкер қанша гектар жерді, қандай тәсілмен және не мақсатпен алғанын біліп отыруы тиіс. Сонда ғана бұл үрдіс ашық әрі анық жүретін болады.

 

Саят Ермек