Қоғам

Облыстық ҚХА латын графикасындағы қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын талқылады

Наиль Салимов, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:

– Елбасы бұл реформа өзге тілдердің мүдделеріне нұқсан келтірмейді деді. Кирилл қарпі қолданыстан алынбайды. ҚХА бұл бастаманы толығымен қолдайды. Қазақстан бұл мәселені ел болып талқылап жатқан алғашқы мемлекет. Жаңа әліпбиді дайындау барысында 300-ге жуық ұсыныс қаралып, негізге алынған. Бұл қуантпай қоймайды.

Әліпбидің жаңа нұсқасында ұсынылған апострафтар халықтың қатаң сынына ұшыраған дигрАфтардан несімен ұтымды? Жаңа нұсқа қазақ тілінің орфографиясы мен орфоэпиясына, мемлекеттік тілге ғана тән сингармонизм заңына толық сәйкес келе ме? Бас қосқан этномәдени бірлестіктердің жетекшілері осы мәселелерді сөз қылды.

Жангелді Тәжин, халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы СҚОФ төрағасы:

– Жаңа нұсқамен таныстық. Бұл әліпби біздің психологияға жақынырақ. Диграфтардың орнын апострофтардың басуы тиімді деп ойлаймын.

Елбасына латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы қазанның тоғызында ұсынылған болатын. Су жаңа әліпбиді дайындауда көпшіліктің тілектері мен ұсыныстары негізге алынған. Сөйтіп, жаңа нұсқа 32 әріптен тұрады. Бір әріп бір дыбысты білдіреді. Ал қазақ тілінің төл дыбыстары диграфтармен емес,апострафтармен берілмек. Айта кетейік, бұл әліпбидің соңғы нұсқасы емес. Алдағы уақытта жаңа нұсқалардың жарық көруі әбден мүмкін. Нақты әліпби жыл соңына дейін бекітілуі тиіс.

 

Саят Ермек