Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов V Азия ойындары жеңімпаздарының еңбегін бағалады

Жеңіс тұғырынан көрінген үш бірдей жерлесімізді облыс әкімі құттықтады. Құмар Ақсақалов әлемдік дейгейде ел байрағын көкте желбіретуге атсалысып жүрген жастарға алғысын жеткізіп, спорт саласына ерекше көңіл бөлініп жатқандығын айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Елбасы Н. Ә. Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасында болашақта ұлттың табысты болуы табиғи байлығына емес, бәсекеге қабілетілігіне байланысты деген болатын. Тек қана рухы биік, білімді, дені сау ұрпақ елімізді әлемге таныта алады.

Байрақты додада жерлесіміз Данияр Кәленов әлемде кіл мықты деген қарсыластарының мысын басып, грек-рим күресі бойынша алтыннан алқа тағынды. Болашағынан зор үміт күттіретін дарынды жасқа өңір басшысы ақшалай сыйлық пен бір бөлмелі пәтердің кілтін салтанатты түрде табыс етті.

Кездесуде Данияр Кәленов жоспарымен бөлісті. 2020 жылы Токиода жалауын желбірететін Олимпиада ойындарында да сол ерлігін қайталамақшы.

Данияр Кәленов – грек-рим күресінен V Азия ойындарының чемпионы, халықаралық “Болат Тұрлыханов Кубогы” турнирінің жеңімпазы:


– Жерлестерімнің қолдауын жақсы сезіп жатырмын. Маған баспана берген облыс әкіміне алғысымды айтамын. Спортшыларға жан-жақты қолдау көрсетілуі тиіс деп санаймын. Өйткені оны кейінгі жастар да көріп, осы салаға ұмтылады.

24 жастағы тепсе темір үзетін жерлесіміз өскелең ұрпақ үшін үлгі тұтарлық тұлғаға айналып үлгерген.

V Азия ойындарында солтүстікқазақстандық велотрекші Артем Захаров та бәсекелестеріне лайықты қарсылық таныта білді. Ол да бірінші орын алар еді. Бірақ түркіменстандық спортшы жолын бөгепті.

Артем Захаров – V Азия ойындарының күміс жүлдегері, «Astana Pro Team» велосипед командасының мүшесі:


– Жарысқа қатысқан спортшылардың деңгейлері жоғары болды. Командалық жарыста 4 шақырымға жарыстық. Ол сайыста алтынан алқа тағындық. Ал жекелей сында арманым жүзеге аспай қалды.
Мәреге екі айналым қалған кезде түркіменстан велошабандазы маған қарай құлап, мен де жығылдым. Сөйтіп, ұпай саны бойынша екінші орыннан көріндім.

Жеңіл атлетші Михаил Литвин де жарады. Жерлесіміз 400 метрге жүгіруден үздік үштіктің қатарынан көрінді. Салтанатты жиналыста спортшылардың бапкерлеріне де қошемет көрсетіліп, ақшалай сыйлық берілді.

Қонысбек Түгенов- Данияр Кәленовтың:

 


– Болашақта Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасов, Жақсылық Үшкемпіров сынды дарындарды тұлғаларды тәрбиелеп шығуға бар күш жігерімізді саламыз.

Отандастарының үкілеген үмітін ақтағандарды сала ардагерлері құттықтады.
Елбасы тапсырмасына сай, бүгінде өңірімізде салауатты өмір салтын ұстанатындардың саны 30 пайызға жетті. Облысымызда 170 800-ден астам адам спортпен ұдайы шұғылданады. Осы күні халыққа 3 мыңға жуық спорт нысаны қолжетімді.

Берік Қасен