Денсаулық сақтау

Өңірде тұмауға қарсы иммундау науқаны қызу жүргізілуде

Мамандар қазанның 1-ші жұлдызынан бастап солтүстікқазақстандық 25 мың 354 адамды иммундаған. Жерлестерімізге ресейлік “Гриппол плюс” вакцинасы беріліпті.

Фарида Мұхамеджанова – СҚО бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:

– Екпе егу науқанына облыстық бюджеттен 52 млн 230 мың теңге бөлінді. Осы ақшаға 60 мың мөлшерде дәрі сатып әкелінді. Вакцина медицина қызметкерлеріне, 14-38 аптадағы жүкті әйелдерге, жиі ауыратын балаларға, қарттар мен мүгедектерге беріледі. Сонымен қатар, тыныс, жүрек-тамыр ауруларына шалдыққан адамдарға да егіледі.

Бұл тізімге еңбей қалған өңір тұрғындары жұмыс беруші есебінен екпе қабылдайды. Ал, қызметсіз жүрген адамдарға ақылы негізде екпе салдыруларына мүмкіндік бар. 1 вакцинаның құны 1300 теңге тұрады. Биыл эпидемиолог мамандар облыс аумағында А1 штаммды тұмау басым болады деп болжап отыр.

Фарида Мұхамеджанова – СҚО бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:

 

– Осы жылы Мичиган, Гонконг және Брисбен тұмау вирустары болады. Оның ішінде А1 штамдысы басымдық танытпақ. Яғни, Мичиган дерті тұрғындарға қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтанда екпе қабылдаған жөн. Вакцина инфекциның алдын алудың басты құралы болып табылады.

Жалпы, өткен маусымда 49 мың теріскейлік ЖРВИ-мен ауырған, ал 300-ден аса жерлесіміз тұмау дертін жұқтырыпты.

Байболат  Култанов