Білім

Білім және ғылым министрлігінің өкілдері өңір педагогтарымен кездесті

Барлығы 250 адам. Оларға білім және ғылым министрлігі құрған арнайы топ өткен жылы қабылданған білім берудің жаңартылған мазмұнынының ерекшеліктерін түсіндіріп жатыр.

Әділхан Дүйсенбек – “Оқулық” республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы басшысының орынбасары:

– Бұған дейін Орал қаласында, Шығыс Қазақстанда болдық. Бүгін Солтүстік Қазақстанда, ал ертең Көкшетау мен Астанаға барамыз.

Өткен оқу жылынан бастап 1 сынып оқушылары білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен. Биыл бұл үрдіс 2, 5 және 7 сыныптарды қамтып отыр. Қазақстандық білім берудің мазмұнын жаңарту уақыт талабынан туындап отыр дейді мамандар. Жаңа жүйе оқушыларға құрғақ білім ғана бермейді, олардың сыни ойлауын, логикасын және қажетті ақпаратты іздеп табу машығын қалыптастырады. Жаңа жүйеге орайластырып жазылған су жаңа оқулықтар да осы критерийлерге негізделген.

Әділхан Дүйсенбек – “Оқулық” республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы басшысының орынбасары:

– Ақпараттың дамуына, жаңа технологиялардың пайда болуына байланысты білім беру жүйесін өзгертіп отырмыз. Жаңа оқулықтарда құрғақ теория емес, тапсырмалар берілетін болады.

Еске салсақ, оқу жылының басында жаңа жүйеге негізделген оқу құралдарының денін ата-аналар мен педагогтар қатаң сынға алған болатын. Олардың көбі орыс тілі мен әдебиеті оқулықтарындағы тапсырмалар мен мәтіндердің мазмұнына наразылық білдірген. Жиында бұл мәселе де тілге тиек етілді.

Гүлмира Қожамқұлова – “Назарбаев зияткерлік мектептері” ДББҰ білім беру бағдарламалары орталығының аға менеджері, Астана қаласы:


– Мектеп, ең алдымен, әр оқушыны үлкен өмірге дайындауы тиіс. Білім беру жүйесіндегі реформа ең алдымен осыған бағытталған. Мәселен, орыс тілінің дәстүрлі оқулықтарында мәтін және мәтін бойынша тапсырмалар беріледі. Оқушы тапсырмаларды дұрыс орындап, жақсы баға алуға ден қояды. Көркем мәтіннің мазмұны баланың назарынан тыс қалады. Ал жаңа оқулықтар керісінше, мәтіннің мазмұнын түсіндіруге бағытталған. Сондықтан, наразылықтар негізсіз деп ойлаймын.

Жаңа оқу құралдары дәстүрлі білім көздерінен біршама ерекшеленді. Мамандардың айтуынша, олар білім көзі емес, ал білім алушыға бағыт бағдар беретін құрал. Ұсынылған әр оқулық 5 кезеңнен тұратын сараптамадан өтеді екен. Сондықтан олқылықтардың болуы мүмкін емес дейді сарапшылар.

Елена Журавлева – Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:


–  Авторлар бізге оқулықтардың дайын нұсқасын алып келеді. Ал біз оларды белгіленген критерийлер бойынша тексеріп, жарамдылығын анықтаймыз. Егер жарамсыз болса, қайтарып жібереміз. Бағдарламаға сай оқу құралдарын баспаға жібереміз.

Келесі жылы білім берудің жаңартылған мазмұнына 6 және 8 сыныптардың оқушылары көшпек. Олар үшін жаңа оқулықтар жазылу үстінде. Келешекте наразылықтардың алдын алу үшін әр ата-ана мен педагог “Оқулық” республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының сайтында өз тілектері мен ұсыныстарын білдіре алады.

Саят Ермек