Қоғам

Қалалық саябақтағы жаңғырту жұмыстарының 90 пайызы аяқталды

Махаббат Сарбай – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Қаламыз ажарлануда. Серуендеуге жақсы қылып жасапты.

Ержан Мұқанов Ресейден келген досы Александр Шепаксовты қала саябағына ертіп келіпті. Мейманға шаһардың бас көшесі ұнаған екен.

Александр Шепаксов – Саранск қаласының тұрғыны, РФ:

– Өте әдемі екен. Маған ұнады. Жаңғырту жұмыстарынан кейін одан әрі көркейе түседі деген сенімдемін.

Ержан Мұқанов – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Алаңдар, тренажерларды қойыпты. Өте жақсы. Кешке бос уақыт болғанда келіп, денені шынықтыруға болады.

Саябақта тек серуендеп қана қоймай, спортпен шұғылданып, балаларға ойнауға болады. Ең бастысы барлығы – қауіпсіз. Қазір мұндағы көше бойына заман талабына сай шамдар орнатылуда. Жұмыстың 50 пайызы аяқталыпты. Сондай-ақ, 3,5 шақырымдай болатын веложол төселді. Ал, мына жерде кішкентай жүргізушілерге арналған автодром қарастырылып, бағдаршам және жол қауіпсіздік белгілері орнатылған. Бұл жаңғырту жұмыстарының тек бір бөлігі ғана. Тренажер, баскетбол және футболға арналған аула мен балалар алаңқайы. Аталған нысандар аз ғана уақыт ішінде тұрғындардың сүйікті орнына айналып үлгерген.

Сағила Мұстафина саябаққа жиендерін ертіп келіпті. Нәзікжанды мұнда күнделікті серуендейміз дейді.

Сағила Мұстафина – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Парктегі жұмыстар көңіл қуантады. Таңертең құрбыларымызбен келіп, спортпен шұғылданамыз. Кешке қарай жиендерімді ертіп келемін.

Алаңқай келесі жұманың соңына дейін тағы кеңейтілмек. Бірнеше әткеншек пен ойын элементтері тұрғызылады. Атап өту қажет, алаң 3 жас ерекшелігіндегі бүлдіршіндерге бейімделіп жасалған.

Александр Ушаков – “Ушаков” ЖК директоры:

– Қазір мұнда 3 ойын элементі бар. Тағы жетеуі орнатылмақ. Солардың бірі пирамида формасында жасалған нысан. Ондай біздің қаламызда әлі жоқ. Жалпы, материалдардың барлығын Ресейдің Санкт-Петербор қаласынан сатып аламыз. Сапасы жоғары. Ол компаниямен жұмыс істегенімізге талай жыл болды.

Ауқымды шаруаны бастамас бұрын қала архитекторлары тұрғындардың тілектерін де ескеріпті. Ұсыныстардың басым бөлігі жастар жағынан жолданған екен.

Далабай Қабдуалиев – Петропавл қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Жаңғырту жұмыстары ағымдағы жылдың жазында басталды. Үлкендер мен жастардың тілектері естіліп, ескерілді. Жастар жапон бағы сынды нысандарды салуды ұсынды. Бұл – алдағы уақытта орнатылатын болады.

Жаңғырту жұмыстарына қалалық қазынадан 285 млн теңге бөлінген.

Эльмира Сәдуақасова