Ауыл шаруашылығы

Өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға барлық жағдайлар жасалуда

Руслан Мансұрбаев, “Мансұрбаева” ЖК директоры, Булаев қаласы, М. Жұмабаев ауданы:

– Қазір мемлекет шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен жағдай жасап отыр. Өз күшіммен бизнес ашу мен үшін мүмкін болмас еді. Ал кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының аясында несие алып, өз ісімді дөңгелеттім. Қарызды 5 жыл ішінде қайтаратын боламын. Пайыздық мөлшерлеме жылына 6 пайызды құрайды. Өте ыңғайлы. Бизнестен алған пайданы елді-мекенді көркейтуге де құйып тұрамын. Мәселен, биыл Булаев қаласындағы көпқабатты үйлердің біріне балалар ауласын жасап бердім, қарттар күні қарсаңында 3 зейнеткерге қаржылай көмек көрсеттім. Мүмкіндік барда тағы несие алып, кәсібімді кеңейтсем деймін.

Аудандық орталық емханаға қарама-қарсы орналасқан мына дәріхана Руслан Мансұрбаевқа тиесілі. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан алған қомақты сомманың 3 миллион теңгесін кәсіпкер дәріхананы жаңғыртуға жұмсайды. Нәтижесінде, стеллаждар, формацевттік тоңазытқыштар мен өзге де қажетті құрылығылардың бәрі еуропалық стандарттарға сай. Мұнда аудан тұрғындары үшін түрлі медициналық тауарлардың 4 мыңға жуық түрі сатылып, күніне 100 шақты адамға қызмет көрсетіледі.

Татьяна Сидоренко, ауыл тұрғыны:

– Дәрілердің бағалары қолайлы. Онымен қоса емханаға да жақын тұр. Керектінің бәрі бар. Қызмет көрсету сапасына да оң баға беремін.

Ал дәріханадан бір аттам жерде шағын асхана жұмыс жасайды. Мұнда ыстық тамақ, сусындар және нан өнімдерінің түр-түрі саудаланады. Қоғамдық тамақтану орнын жаңғыртуға бизнесмен 2,5 млн теңге жұмсап, су жаңа үстелдер мен орындықтар, заманауи мармитка сатып алады. Ең қызығы, мұндағы ас үй қабырғамен жабылмаған. Аспаздар тағамдарды келушілердің көз алдында дайындайды. Жасыратын түгіміз жоқ дейді кәсіпкер. Бәрі таза әрі жинақы. Келушілер де разы.

Жиянкез Кәрібаев:

– Тағамдар дәмді, бағасы да оңтайлы. Маған ұнайды.

Қазір кәсіпкер Булаев қаласының 15 тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Олардың жалақысы орташа есеппен 85 мың теңгені құрайды.

Татьяна Фадеева – аспазшы, Булаев қаласы, М. Жұмабаев ауданы:

– Өздеріңіз көріп тұрғандай жұмыс жағдайы өте жақсы. Тамақ дайындауда заманауи құрылғыларды қолданамыз. Бәрі тез әрі дәмді. Сағат таңғы 9-дан кешкі 5-ке дейін жұмыс істейміз. Жалақыны уақытылы төлеп тұрады.

Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар аясында М. Жұмабаев ауданында 99 бизнес жобасы жүзеге асқан. Бұл мақсатта берілген несиелердің жалпы сомасы 376 млн. теңгені құрайды.

Дмитрий Шледевиц, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ несие бөлімінің бастығы:

– Жыл басынан бері біздің филиал облыстың 640 кәсіпкеріне несие берді. Жалпы сомасы 2 млрд. 280 млн. теңгені құрайды. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 303 жоба, ал ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 284 жобаны қаржыландырдық. Сүт өндремін дейтін азаматтар үшін “Ырыс бағдарламасы бойынша 84 айға 13 млн теңгеге дейін несие береміз. Ал ет өндіруді көздегендер үшін “Береке” бағдарламасы жұмыс жасайды. Несиенің максималды сомасы 40 млн. теңге. Қарыз 54 айға беріледі.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының көмегіне жиі жүгінген аудандардың тізімін Тайынша бастап тұр. Жыл басынан бері бұл ауданның 105 кәсіпкері аталмыш ведомствадан несие алған. Екінші орын М. Жұмабаев ауданына тиесілі. Ал үздік үштікті Қызылжар ауданы тәмамдап тұр.

 

Саят Ермек