Білім

Төрт теріскейлік ұстаз “Үздік педагог – 2017” атағын иеленді

Информатика пәнінің мұғалімі әр сабағына тиянақты дайындалып, білім алушыларға жаңа дүниелерді меңгеруге көмектеседі. Сондықтан, балалар да ұстаздың дәрісін асыға күтеді екен.

Алтынай Жантасова – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:

– Руслан Қуанышұлы – өте жақсы мұғалім. Сондықтан, оның сабақтарын босатпауға тырысамыз. Әрдайым жаңа дүниелерді үйреніп, бағдарламаларды меңгереміз.

Руслан Әбішев 21 жыл бойы білім саласында жұмыс істеуде. Бүгінде оның еңбегі еленіп, ұстаз республика көлемінде “Үздік педагог – 2017” атағына ие болыпты. 3 кезеңнен тұратын байқауда мұғалімдердің біліктілігі мен сабақ берудегі әдіс-тәсілдері ескеріледі. Руслан Әбішев болса қазылар алқасына соңғы бірнеше жыл ішіндегі бар жетістігін ұсыныпты. Оның арасында әдістемелік құралдар және студенттерімен бірігіп әзірлеген түрлі жобалары мен бағдарламалары бар.

Руслан Әбішев – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің информатика пәні мұғалімі:

– Информатика пәнін мектеп пен колледж сынды оқу ордасында берудің өз айырмашылығы бар. Ең бастысы, мектепте оларға жалпы білім берсек, бұл жерде әр студенттің мамандығына қарай бейімдеу қажет. Барлық топқа бірдей жұмыс жоспары болмайды. Сондықтан да, жауапкершілік өте мол. Әсіресе қазір технология қарыштаған заманы дейміз. Мектепке дейін әр бала компьютерді меңгеріп келеді. Ал, біздің мақсатымыз оларға дұрыс бағыт-бағдар беру.

Бүгін гуманитарлық-техникалық колледж ұжымы өз әріптесін үлкен жеңісімен құттықтады.

Республика көлемінде дәл осындай атақты 50-ден астам ұстаз иеленіпті. Олардың төртеуі – теріскейлік мұғалімдер.

Эльмира Садвокасова