Құқық қорғау органдары

Петропавлдық тәртіп сақшылары қызыл жалынға оранған үйден адамдарды алып шықты

Үйден шығып жатқан от ұшқынын жақын маңда жүрген тәртіп сақшылары да көріп қалады. Учаскелік инспектор Саят Ақпаров пен жол патрульдік полиция батальонының қызметкері Азамат Кабиев көп кідірместен баспананың ішінен адамдарды шығарып алуға жанталасады.

Саят Ақпаров -Петропавл қалалық ІІБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы:


– Шарбақты сындырып, терезенің жанына келдім. Қарасам, әйел терезе арқылы балаларын сыртқа шығарып жатыр. Біз балғындарды көтеріп алып, көлікке апарып отырғыздық. Кейін келіншекке үйден шығуға көмектестік. Отағасы редуктордан газ балонынан ажыратып бізге берді. Оны үйден алыстау жерге қойдық. Айкеновтер отбасы жарады. Өртті көріп, абдырап қалмады.

Өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметкерлері жеткенше, Айкеновтар жанұясы тәртіп сақшыларының көлігінде отыра тұрыпты.

Руслан Айкенов – Петропавл қаласының тұрғыны:


– Тәртіп сақшыларын алғысымды айтамын. Дер кезінде отбасыма көмек қолын созды. Олар от ұшқынын көргенде ойланбастан жетіп келді.

Қазіргі таңда Айкеновтер отбасы туыстарының үйін паналауда. Өкінішке қарай, олардың маңдай термен жылдар бойы жиған дүние-мүліктері мен киімдері өрттеніп кеткен. Тәртіп сақшылары үйсіз-күйсіз қалған жанұяға қолдарынан келгенінше қол ұшын беруде.

Эльмира Садвокасова