МТРА жаңалықтары

Өңір таэквондошылары халықаралық турнирден жүлдемен оралды

Мәселен, осыдан бірнеше күн бұрын Ресейдің Новосібір қаласында өткен дәстүрлі “Сібір Кубогі” халықарлық турнирінде Даша екі алтын және бір қола медальді еншіледі.

Дарья Назарова:

– Кілемге шығар алдында қатты қобалжыдым. Алайда білгенімді көрсетіп, жарыстың үш түрінен де жүлде иелендім. Таэквонда физикалық және техникалық тұрғыдан өте қиын спорт, алайда оны тастағым келмейді. Мақсатым – Азия және Әлем чемпионы атану. Кейін жаттықтырушы болсам деймін.

Ал Кирилл Лавров болса 11 жаста. Ол әзірше қызыл белбеу иегері. Бұған қарамастан бозбала “Сібір кубогінің” бірнеше дүркін жүлдегері атанды. Қанжығасына бір алтын және бір қола медаль байлаған.

Кирилл Лавров:

– Қарсыластарым өте мықты болды. Әсіресе спаррингің жартылай финалындағы ұрыс маған қиынға соқты. Таэквондоға бес жасымда келдім. Қазір өзімді күштірек, сенімдірек сезінемін. Жәбір көрсетуші балаларға емін-еркін есе қайтара аламын.

Халықаралық таэквондо федерациясы додасында 800-ден астам жеткіншек спарринг, шартты ұрыс және арнаулы техниканы орындау бойынша өзара мықтыны анықтаған. Солтүстік Қазақстаннан жарысқа 3 жас спортшы қатысыпты. Теріскейдің үкілеген үміттері жалпы есепте 4 алтын және 3 қоламен оралған. Жеткіншектердің жаттықтырушысы Владимир Хван шәкірттерінің жеңісіне дән риза.

Владимир Хван – таэквондодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

– 2011,2013,2015 және 2017 жылғы әлем чемпиондары менің тәлімгерлерім. Олардың бәрін мақтан тұтамын. Енді жас буынды жаттықтырып жүрмін. Жеткіншектердің аяқпен, қолмен жұмыс істеу, дұрыс соққы жасау техникаларын шыңдаймын. Игісі, қазір бұл спорт түріне келушілердің қатары артуда.

Қазір Владимир Хванның тәлімгерлері қысқы демалыс уақытында өтетін ел біріншілігіне қызу дайындық үстінде. Мұнда топ жарғандар келер жылдың мамырында Монғолияда өтетін Азия біріншілігінде және қыркүйек айында Белорусия астанасы Минскіде өтетін юниорлық әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.

Саят Ермек