Қоғам

“Киелі Қазақстан” жобасының экспедициясы өңірдің тарихи ошақтарын аралады

Валентина Витковская – Озерное негізгі мектебінің тарих пәнінің мұғалімі,Тайынша ауданы:

– Репрессия жылдары жер аударылған поляктар тағамсыз, ауыз сусыз 3 жыл бойы жаппай қырылады. Аман қалғандары құдайға деген сенімдерін жоғалтпай, күнде мәнажат етеді. Сөйтіп, тілектері қабыл болып 41-ші жылы мұнда балықтың түр-түріне толы алып көл пайда болады. Соғыс жылдары бұл көлден ауланған балық елді мекенді ғана емес, көршілес ауылдарды да аштықтан аман сақтап қалады. Кейін дәл осы көлдің маңайында біздің ата-бабаларымыз үлкен ауылдың негізін қалаған.

Бір тамшы суы, бір тал ағашы жоқ далада көлдің пайда болуын бірі табиғи құбылыс деп білсе, бірі аштық пен аяздан қырылған католиктердің ғибадатына құдайдың берген қайыры деп біледі. Діндарлар мұнда тіпті әйелдердің жабық монастырын да тұрғызған. Бүгінде бұл діни ордада өмірлерін құдайға құлшылық етуге арнаған 3 монах әйел тұрады екен. Екеуі поляк, ал үшіншісі белорусиядан келген.

Иоанна Мария Иисуса Воскресшего:

– Біздің міндетіміз – құдаймен рухани байланыс орнату арқылы одан әлемдегі бейбітшілікті сұрау. Осы мақсатта күнде 8 сағат мінажат бөлмесінде өткіземіз. Жаратушымен байланысты үзбеу үшін монастыр аумағынан мүлдем шықпаймыз, бөгде әңгімеден аулақпыз. Репрессия жылдары біздің халықты аштық пен суықтан құтқарған қазақ еліне деген алғысымыз осы. Күнде Қазақстанның дамуына, аман-сау болуына ғибадат қыламыз.

Осы елді-мекендегі “Бейбітшілік патшайымы” ғибадатханасында “Қазақстан жұлдызы” алтарі орнатылған. Нысанды осыдан 3 жыл бұрын Рим папасының өкілі Кардинал Роберт Сара Польшадан арнайы келіп орнатқан.

Войцех Матушевски – “Бейбітшілік патшайымы” костелының басшысы, Озерное селосы, Тайынша ауданы:

– Нысанның қақ ортасында балықшылар торымен қоршалған әулие Марияның сұлбасын байқауға болады. Бұл өткен ғасырда осы елді мекенде болған таңғажайып оқиғаны бейнелейді. Бұл құдайдың көзі түскен киелі жер. Сондықтан Рим папасының өзі бұл алтарьды осы жерге қоюға бұйырған. Авторы Мариуш Драпиковский есімді польшалық шебер. 3 жылдың ішінде жасап шығарған.

Алтарь Рим папасының тапсырмасы бойынша дайындалыпты. Мұндай мінажат орындары әлемнің 12 бұрышында орнатылуы тиіс. Бұл реті бойынша екінші алтарь. Титаннан құйылған, алтынмен жалатылып, асыл тастармен әшекейленген нысанның салмағы 600 келіден асады. Ұзындығы 7,5, ені 2,5 метр. Әлемдік маңызы бар нысанды облыс басшылығы еліміздегі киелі жерлердің картасына енгізуді ұсыныпты.

Құндызай Ерімбетова – Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері:

– Солтүстік Қазақстан 12 нысан ұсынды. Олар республикалық және өңірлікдеңгейдегі болып бөлінеді. Тарихи жерлердің қандай картадан орын алатыны кейін шешіледі.

Кейін “Киелі Қазақстан” экспедициясы Айыртау ауданындағы Сырымбет ауылына бет алды. Мұнда Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным қонысының музейі орын тепкен. 80-ші жылдары археологтар бұл нысанның тек іргетастарын табады. Ал 93-ші жылы Шоқанның суреттері мен жазбалары негізге алынып, мұнда ауқымды мұражай кешені тұрғызылған.

Дамир Тілеуов – “Айғаным қонысы” музейінің экскурсия жетекшісі:

– Кешен бес ғимараттан тұрады. 6 бөлмелі тұрғын үй, мешіт, медрессе, монша, диірмен және шаруашылық үйлер бар. Мұның бәрін сол кезеңдегі стильде қайта тұрғыздық.

Деректерге сүйенсек, ұлы ғалым, этнограф және ағартушы өзінің балалық шағын дәл осы қоныста өткізген. Экспедиция мүшелері сол заманғы стильде жайластырылған Шоқанның бөлмесімен танысты. Айта кетейік, бұл нысан да картадан орын тебуге үмітті.

Экспедиция бет алған келесі тарихи ошақ – Қарасай мен Ағынтай батырлар жерленген мемориалдық кешен болды. Бұл білектілер 17-ші ғасырда теріскей өңірін жоңғар шапқыншыларынан қорғаған. Қос батыр да бұл өңірдің тумалары емес. Алайда дәл осы жерден топырақ бұйырыпты. Кесенеге шырақшы Сәмиддин Омаров бас-көз болып жүр.

Сәмиддин Омаров, Қарасай мен Ағынтай батырлар атындағы мемориалдық кешеннің директоры:

– Екеуі жігіттік шақтарын ұрыс даласында бірге өткізген. Айырылмас дос болады. Қалмақтар Қарасайдың екі ұлын улап өлтіреді. Бауыр еттерінің қырқын күтпей Қарасай батыр қайтыс болады. Бір жылдан соң Ағынтайдың жамбасы жерге тиеді.

Кесене 1999 жылы ашылған. Жыл бойы мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған мұсылман жиналып, мінажат етеді. Бұдан бөлек, кешеннің сырт келбеті де таң қалдырма қоймайды. Бұл экспедиция мүшелері бас сұққан соңғы нысан.

Саят Ермек – тілші:

– Ағынтай мен Қарасай батырлардцың мемориалдық кешені, Қожаберген жырау кесенесі, Абылай хан резиденциясы және Ботай тұрағы. Бұл Қазақстан Республикасының киелі жерлерінің географиялық картасынан орындарын ойып алған нысандар. Онымен қоса СҚО аталмыш картаға тағы бірнеше маңызды нысандарды енгізуді ұсынған.Белгілі тарихшылар мен өлкетанушылардан құралған “Киелі Қазақстан” экспедициясы бұл қоныстарды аралап, тарихымен танысып шықты. Енді алған ақпараттарын елордада қағазға түсіріпғ пікір жазбақ. Ал бұл нысандарға еліміздің киелі жерлерінің картасынан орын бар ма? Оны арнайы құрылған ұлттық комиссия жыл соңында шешпек.

 

Саят Ермек