Көлік және жолдар

Петропавл-Қорған тас жолы жоспарға сай қайта қалыпқа келтірілуде

Евгений Бочкарёв – “К-дорстрой” АҚ СҚОФ учаске басшысы:

– 1-ші учаскеде атқарылған жұмысқа 1,5 миллиард теңге жұмсалды. Жалпы, тас жолдың биіктігі 1 метр 16 см болмақ. Оның 28 см-ін асфальт құрайды. Трассаның беті заманауи талаптар бойынша төселеді. Жаңбыр жауып, су болған жағдай жол аздап ісінеді. Салдарынан су жиекке ағып кетеді.

Екінші учаске Мамлютка қаласы мен “Жаңажол” шекара бекеті арасын жалғайды. Бұл аумақта 30 шақырым жол қалыпқа келмек. Айта кетейік, халықаралық трассаны жөндеуге ел қазынасынан 27 млрд теңге бөлінген болатын. Бүгін атқарылып жатқан іспен “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы депутатары танысты. Халық қалаулылары қызу жұмысты бақылап, трассаның сапасына мән берді.

Галина Семёнова – “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы жанындағы “Көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту” комиссиясының мүшесі:

– Бүгін жұмыстың жүргізіліп жатқандығын байқадық. Шаруа жоспарға сай атқарылуда. Біз тас жолдағы істі үнемі қадағалап отырамыз. Өйткені, трассаны қайта қалыпқа келтіруге қыруар қаржы бөлінді. Сол ақшаның игерілуі мен жолдың сапалы салынуын қадағалау міндетіміз болып табылады.

Жалпы, Петропавл-Қорған қалаларын байланыстыратын тас жолды қайта қалыпқа келтірумен 200-ден аса адам мен 150 бірлік техника айналысуда. Мамандар шаруаны 2019 жылдың қазан айында аяқтауды жоспарлап отыр.

 

Култанов Байболат