Мәдениет

Теріскейлік кемеңгер күйші Серікбай Құсайынов 80 жасқа толды

Серікбай Бәриұлы аға-қарындастарымен бірге кішкентайынан өнерге жақын болыпты. Барлығы бірдей басымдықты қазақтың киелі қара домбырасына берген. Қазір, олар қос шекті аспаптың құлағында ойнап, оны кейінгі ұрпаққа үйретуде.

Серікбай Құсайынов – күйші, композитор, Ы. Алтынсарин медалінің иегері:


– Мен қазақтың қара домбырасын қолыма 9 жасмда алдым. Алғашқы үйренген күйім Қожаберген жыраудың “Елім-айы”.

Сексеннің сеңгірігіне шығып отырған Серікбай ата өз жанұясын да домбыра әуеніне баулап өсірген. Ұлдары да, немерелері де Дина Нұрпейісова мен Құрманғазы, Тәттімбеттің бірсыпыра күйін жатқа біледі. 17 жастағы Диас Серікбай да атасының жолын қуып, аспапты жетік меңгерген.

Диас Серікбай – Серікбай Құсайыновтың немересі:


– Домбырада ойнауды 7 жасымда үйрендім. Атам мені оған құмар етті.

Бүгін жас жігіт қалың көрерменге арнап дайындалған сахналық қойылымда ат салысуда. Бұл Серікбай Құсайыновтың 1957 жылы республикалық байқауға қатысқан сәтінен үзінді.

Домбыраға деген ерекше сүйіспеншілігі сол жылы барлық көрерменді баурап алыпты. Тіпті қазақтың әйгілі әншісі Күләш Байсейітова бұл кісіге өз батасын берген.

Бірнеше жыл өткен соң Серікбай ата теріскейде алғашқылардың бірі болып домбыра сыныбын ашады. Араға шамамен 20 жыл салып, бұндай бөлімнің тұсауын сол кездегі өнер училищесінде де кесіпті. Өнерпаздан тәлім алғандар бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет істеуде. Алғашқыларының бірі Мейрам Сексенбаев. Шәкіртінің айтуынша, өнер және мәдениет саласындағы барлық жетістіктері ұстазының арқасында.

Мейрам Сексенбаев – Облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі:

– Ұстаз ретінде ол өте сыпайы, мейірбан және биязы болды.

Домбыраны өмірлік серігіне айналдырған Серікбай атаның 80 жылдық мерейтойы бұл жиынмен шектелмеді. Кеше ғана күйшінің құрметіне облыс орталығында облыстық домбырашылар байқауы өтті.

 

Эльмира Сәдуақасова