МТРА жаңалықтары

Төтенше жағдайдың мән-жайы анықталды

Антон Федяев, СҚО әкімінің орынбасары:


– Шаһардағы жылу желілері ескірген. Биыл түпкілікті жөндеуге бар болғаны 400 млн теңге, кәсіпорынның инвестициялық жобасына деп 300 млн теңге қарастырылған. Қаланы қысқа дайындау үшін жылына 700 млн теңге деген аз ақша. Оның өзі монополистердің қолына кеш түсіп, магистральдер кеш жөндеу көре бастады.

Соның салдарынан Петропавлда дәл қазір 329 үй жылусыз отырғанда Мир-Крепостной көшелерінің бойында құбыр жарылып, жығылғанға жұдырық болмасы бар ма? Бұл төтенше жағдайдан кейін тағы 4 балабақша мен 8 мектеп жылусыз қалыпты.

Игорь Рыбас, «Петропавл жылу желілері» ЖШС бас директоры:


– Крепостной көшесінде тағы үш жерден құбыр тесілген. Оның екеуін жөндеп үлгердік. Ал, кешегі терең шұңқырдан су сорылып жатыр. Бүгін жөндеп бітсек үйлерге бір-екі сағат ішінде жылу қайта беріледі. Шұңқырға түсіп кеткен көлік иесінің шығындары сараптамадан кейін өтелетін болады. Ал, апат жылу жетпей жатқан жерлердегі температураны көтеру үшін қысымды 7,5 қылып бірден көтеріп жібергендіктен болды. Оның үсітіне құбыр да ескірген.

Қазір облыс орталығындағы 1061 көп қабатты үйдің 732-сі жылытылған. Қалған 329-ына жылу көп ұзамай берілуі тиіс.

Марат Тасмағанбетов, Петропавл қаласының әкімі:


– Бүгін ТМ 2 ТМ 9 нысандарын іске қосамыз. Бірден Брусиловский, Егемен Қазақстан көшелеріндегі 35 тұрғын үй, 1-ші мектеп пен 1-ші гимназия, “Искорка” және “Чайка” балабақшаларына жылу беріледі. Ал, Әскери институт пен Юбилейная көшелеріне де жылу береміз. Барлығы бүгін 120, ертең де сонша үй жылуға қосылады. Қалғаны сенбі күні жылытылмақ. Аптаның соңында барлық ыстық сусыз отырғандырдың да тілегі орындалады. 9-қазан – ыстық су да, жылу да беріледі. Желтоқсанда жылусыз, ыстық сусыз
отырғаннан гөрі қазір шыдай тұрған орынды.

“Петропавл жылу желілерінің” бас директоры Игорь Рыбас енді жылуға байланысты келеңсіз оқиға орын алмайды деп уәде етті. Себебі, қазір магистральдерде өте сапалы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ескі құбырлар жаңартылғасын қаладағы үйлер де қыз-қыз қайнамақ. Тек, петропавлдықтар қазіргі жағдайға түсіністік танытса деп отыр.

Акбопе Танирберген