Мәдениет

С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры 19 театр маусымын ашты

Ал 19 театр маусымын С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры “Дауылпаз баба Қожаберген” дастанымен ашуды шешкен. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай тұсауы кесілген қойылым екі жыл ішінде өз көрермендерін тауып үлгерген

Қожаберген жыраудың “Елім-ай” эпосына негізделген спектакль “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” кезеңінен сыр шертеді. Жан-жақтан жау қаптап тұрған қиын-қыстау заманда бытырап кеткен қазақтардың басын біріктірген дауылпаз баба рөлі актер Нұрбол Асқаровқа тиіпті. Спектаклде қазақи қойылымдарға тән шапандар, кимешектер, сауыт-саймандар мен найза-қылыштар жоқ. Көрерменнің көзі үйренген декорациясыз ұлы Қожабергеннің болмысын жеткізу оңай болмады дейді ол.

Нұрбол Асқаров – С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актері:


– Әр ойнаған сайын қазақтың жері, даласы, қасіреті үшін жүрегім ауырады.Бұл жаңа форматтағы рөл. Сақал-мұрт жабыстырудың қажеті жоқ.

Биылғы маусымда театрға елордалық қазақ ұлттық өнер университетінің 4 түлегі келген. Оларға да бұл күрделі қойылымнан рөл тиіпті. Кәсіби сахнадағы дебют болғандықтан қатты қобалжыдық дейді жас актерлер.

Гүлмира Әлет, Рахат Төрежан – С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының жас актерлері:


– Бұл біздің театр сахнасындағы алғашқы спектакліміз. Толқыныс, қобалжу болды. Көрермен бағасын бере жатар.

Залдан шығып жатқан көрермендердің жүздерінде күлкі, жүректерінде от. Көздеріне жас алғандар да болды. Қойылым керемет әсер қалдырды дейді олар.

Биылғы маусым теріскейліктерге тұсаукесерлер легін сыйламақ. Театр ұжымы шетелдік драматургтардың шығармаларын сахналауға көңіл бөліп отыр.

Батырбек Шамбетов – С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының бас режиссері:

– Гәргәрбектің гөйгөйі”, “Пайдалы орын” комедияларын, “Венециялық егіздер”, “”Қарагөз” драмаларын сахналамақпыз.

7-ші қазан театр ұжымы “Қарттарым аман бармысың” поэтикалық кеш өткізеді.

Саят Ермек