Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Есіл ауданына барды

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Орақ науқаны аяқталды. Орташа түсім гектарына 18,2 ц құрайды.

Іскер азаматтарға кәсіптерін дөңгелетіп, кеңейту үшін барлық жағдай жасаған. Биыл үкіметтен өңірімізге 44 млрд тенге субсидия бөлініпті. Оның 3,6 млрды Есіл ауданына бұйырған. Покровка ауылдық округінде қазір 33 агроқұрылым мен 7 серіктестік, 24 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Ең ірі кәсіпорындардың бірі “Атамекен Агро Есіл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ол ауданның 5 ауылдық округі аймағында жұмыс істейді екен. Шаруашылық егін ору науқанын сәтті аяқтаған. Мұндағы орташа айлық 100 мың тенгені құрайды.

Марат Рахимжанов – “Атамекен Агро-Есіл” ЖШС директоры:


–  Биылғы жылы 21 мың 191 га жерге егін ектік. Соның 14624 гектарына бұршақ тұқымдас және дәнді дақыл себілді. 6 мың га-дан астам жерге майлы дақыл ектік. 1 гектар жерден 23ц дәнді дақыл жинаса, майлы дақылдардың гектар берекелігі 13 ц құрайды.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов агроқұрылым жұмысын жақсы бағалады. Алайда, оның сөзінше, аймақтағы шаруашылықтардың барлығы бірдей тиісті дәрежеде жұмыс істей алмады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Биылғы жыл жақсы болды. Қуаңшылық болса, немесе барлық өнім қар астында қалса, бұл кәсіппен айналыспаудың себебін түсінер едім. Мемлекет тарапынан да барынша қолдау көрсетілуде.

Аудандағы орташа жалақы алғашқы жартыжылдықта 11 пайызға өсіп, 94 мың тенгеге жеткен. Бұл әлі де жеткіліксіз. Өңірді артқа тартатындардың қатарында “Бай Енбек” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Алайда, жұмысшылардың еңбек ақысы былтырға қарағанда күрт төмендепті. Өткен жылы орташа айлық 65 мың тг болса, биылғы жартыжылдықта бұл көрсеткіш 43 мыңды құраған.

Қайырбек Қожасов – “Бай-Еңбек” ЖШС директоры:


–  Менде экономикалық қиындықтар болды. Қазір жалақыны көтерудемін.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Сізге 3200 га жер тиесілі. Ал, егіннің орташа түсімі 14 центнер. Бұл – өте төмен көрсеткіш.

Сондай-ақ, қожалықтар ірі қара мал басын көбейтуді де бір жақты етпеген. Осындай серіктестіктердің мардымсыз жұмысы салдарынан, тұрғындар жаппай көшуде. Мұнда соңғы 4 жылда 9 мектеп жабылып, ауданнан 2600-ден астам адам қоныс аударған. Олардың басым бөлігі Қазақстанның басқа өңірлеріне көшсе, өзгелері теріскейдің елді мекендерінде қоныс тепкен. Бұған тағы бір себеп – ауылдардың әлеуметтік жағдайы. Покровка селосының тұрғындары 15 жыл бойы олар үйлеріне су құбырларын орнатуды сұрауда. Жергілікті шенеуніктер мәселені 2012 жылы шешеміз деп уәде беріпті. Алайда, ауылдықтардың сөзінше, жұмыс әлі басталмаған сыңайлы.

–  Су таратушы торап болады деп 2004 жылдан бері айтылуда. Ақша бөлініп жатыр, ауыз сумен қамтыласыздар делінді. Біздің бармаған жеріміз жоқ. Облыстық әкімдікке де, президент әкімішіліге де өтініш жаздық. Барлығы болады деп айтып жүргендеріне қаншама болды.

Есіл ауданының әкімі Мұратбек Әбішевтің сөзінше, Покровка селосы “Ақбұлақ” бағдарламасына қосылған. Бүгінде магистралдық су құбырларын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы ауыл міндетті түрді сумен қамтылады деп отыр. Бұдан бөлек те, тұрғындарды мазалайтын бірқатар сұрақтар бар. Соның бірі Бірлік ауылына барар жол.

Аудан әкімі бұл мәселенің көпке ұзамай шешілетінін айтты. Ағымдағы айдың 20 сы жол қолданысқа берілмек. Ал, бұл Волошинка селолық округі. Мұндағы жағдай мүлдем бөлек. Округ аймағында жұмыс істейтін он шақты агроқұрылымдардың жұмысы нәтижелі. Мәселен, “Пушкинское” серіктестігі биыл гектар басынан, 23,7ц дәнді дақыл, 16,7ц жасымық және 9,2 ц майлы дақыл алып отыр. Бұдан бөлек, қожалық Волошинка селосынан да қолдан келер көмегін аямай отыр. Сондықтан да, халықтың әлеуметтік жағдайы жаман емес. Аймақ басшысы шаруашылықтардың жұмысы көңіл көншітерлік дейді. Бұл ретте Құмар Ақсақлов ірі қараның санын көбейту мәселесіне де басымдық беру керек екенін атап өтті. Себебі, бүгінде олардың өнімі жоғары бағаланады. Әрі қыс кезінде халықты жұмыспен қамту мүмкіндігі бар. Бұдан кейін өңір жетекшісі жұмысын қайта жандандырған “Әулие Голд Майнинг” ЖШС соқты.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Өндіріс ошағы бір жарым жыл бойы өз жұмысын тоқтатып тұрған. Қазір жаңа технологиямен істеудесіздер. Келесі жылға қарай қуаттылықты арттуры қажет.

Алдағы уақытта кәсіпорында 250 шақты адам жұмыс істейтін болады. Олар жылына 600 мың тоннадай кен өндіреді. Кешеннің жұмысын қайта жаңғыртуға жаңа технология өз септігін тигізіпті.

Анатолий Егерев, “Әулие Голд Майнинг”ЖШС жеке меншік иесінің ресми өкілі:

– Өндірісті 2014 жылы іске қостық. Барлық кен өндіретін кәсіпорындар сынды үймелік сілтісіздендіру технологиясымен жұмыс істедік. Алайда, 2015 жылы бұл әдістің біз үшін қолайсыз екенін түсініп, шаруаны тоқтатуға тура келді.

Кен өндіруге қажетті технологияны кәсіпорын қазақстандық және ресейлік мамандардан да іздестірген екен. Сөйтіп, қажетті әдіс табылып, ағымдағы жылдың шілдесінде жұмыс қайта жанданды. Енді, қуаттылығын арттыру үшін 2018 жылы графитация цехын салмақ ниетте.

Эльмира Садвокасова