Спорт

Петропавлдықтар грек-рим күресінің шебері Данияр Қаленовты қарсы алды

–  Сағат таңғы 10 болды. Бұл уақытты біз Петропавл темір жол вокзалына келдік. Қазір аздаған минуттардан соң Астанадан Азия Ойындарының чемпионы, халықаралық “Болат Тұрлыханов Кубогы” турнирінің жеңімпазы Данияр Қаленов мінген поезд қаламызға келіп жетеді.

Қызылжарлықтар темір жол вокзалына тайлы таяқтары қалмай жиылуда. Олардың барлығы елордадан келетін поезд жаққа әлсін-әлсін қарайды. Перронда тұрған жұрт ішінен Данияр Қаленовтың анасын таптық. Құшағы гүлге толы Айнагүл Жақсылыққызы көк туымызды желбіреткен ұлының жетістігіне қуанышты.

Айнагүл Қаленов – Данияр Қаленовтың анасы:


– Өте қуаныштымын. Ұлымның жеткен жетістігіне ризамын. Бұл барлық елдің қуанышы деп білемін.

Көп күттірмей поезд де келді. 3-ші нөмірді вогоннан палуанымыз Данияр Қаленов шығып келеді.

Шашу шашылды. Грек-рим күресінің шеберін жиналғандардың барлығы кезек-кезек құттықтауда. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин де өзінің жылы лебізін білдірді.

Жерлесіміз Түркіменстан астанасы Ашхабатта өткен жабық кешендегі V Азия Ойындарына қатысқан болатын. Сары құрлықтың 62 мемлекеті бақ сынаған жарыста теріскейдің тумасы жарады. Ол грек рим палуандары арасынан ел қоржынына жалғыз алтын алқаны салды. Жарыста 66 келі де белдескен спортшымыз 4 кездесу өткізіпті.

Данияр Қаленов – грек-рим күресінен V Азия Ойындарының, халықаралық “Болат Тұрлыханов Кубогы” турнирінің жеңімпазы:


– Финалдық сында Иран палуанымен кездестім. Біздің жігіттердің барлығы осы елдің спортшыларына ұтылды. Сол себепті намысты қолдан бермеу үшін жеңіске жетіп, алтын медальға ие болдым.

Бұған қоса Данияр өткен аптада халықаралық “Болат Тұрлыханов Кубогы” турнирінде өнер көрсетті. Кіл мықтылар жиылған додада спортшымыз барлық қарсыласын тізе бүктірді. Тіпті, әлем чемпионы оңтүстіккореялық Рю хан Судың мысын басты. Еліміздегі азулы палуан Алмат Кебіспавты жеңді. Осылайша тағы да жоғарғы сападағы медальды мойнына тағынды. Болашақта жерлесіміз 2020 жылы Токияда жалауын желбірететін Олимпияда ойындарында ел намысын қорғауды қалайды.

 

Култанов Байболат