Құқық қорғау органдары

Бірнеше ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен Ақмола облысының тұрғыны құрықталды

Күдіктілердің бірі кездейсоқ адамдардың көзінше ірі көлемдегі ақшасын жоғалтады. Осы кезде оның сыбайласы бұл қаражатты тауып алып, жанында өтіп бара жатқан бейтаныс біреуге өзара бөліп алуға ұсыныс жасап отырған. Бұл уақытта ақша иесі, яғни сезікті оралып, ақшасын қайтарып беруді талап етеді екен.

Қайрат Қаражігітов – Петропавл қ. ІІБ №2 полиция бөлімінің тергеушісі:

– Қылмыскерлер ұрлық жасау кезінде жәбірленушінің көңілін өздеріне аударып отырған. Кейін оның ақшасын қолды етіп жүрген.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары аталған іске қатысы бар деген күдікпен Ақмола облысының 35 жастағы тұрғынын құрықтады. Баукеспе бұрын осы сияқты қылмыс жасағандығы үшін сотталған болып шықты. Ол өзінің екі ұрлық фактісіне қатысы бар екенін мойындады. Айта кетсек, келтірілген шығын көлемі – 117 мың теңгені құрап отыр.

Қайрат Қаражігітов – Петропавл қалалық ІІБ №2 полиция бөлімінің тергеушісі:

 

– Осы факті бойынша ҚР ҚК 188 бабы 2 тармағы – бірнеше рет жасалған ұрлыққа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда бұл іске қатысы бар екінші күдікті іздестірілуде.

Полицейлер тұрғындарға сақ болып, таныс емес тұлғаларға сенбеуге кеңес береді.

Тогжан Акмагамбетова