Аптадағы маңызды жаңалықтар

Туберкулезді емдеудің тың әдісі

Михаил Бедный – емделуші:


–  Ота жасалғанға дейін өте әлсіз, шаршай беретін болдым. Көп жұмыс істей алмадым, ентігіп, жүру де қиынға соғатын. Осыған дейін ем-дом шараларын қабылдадым бірақ аса көмек болған жоқ. Енді міне, тегін ота жасалып, жағдайым жақсарды.

Мына рентген суреттерінде Михаил Бедныйдың өкпесіндегі тесіктері анық көрініп тұр. Оларды жабу үшін силиконды имплант қойылған. Ал бұрындары ондай оталарды жасағанда науқастың жарты өкпесі мен 8 қабырғасын алуға тура келетін. Ол әрине, ағзаға кесірін де тигізеді.

Ал силиконды имплант қоюдың арқасында адамның 12 мүшесі сау күйінде қалады.

Тобылжан Жамақов – Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің өкпе хирургия бөлімшесінің меңгерушісі:


– Мұндай операциялар көптен бері ауырып жатқан, өкпедегі тесіктері жабылмай жүргендерге жасалады. Қабырғалар алынбайды. Қабырғаның астына силикон қоямыз да өкпені қысамыз. Соның арқасында өкпедегі тесіктер жабылып, орнына келеді.

Осындай әдіспен жасалған алғашқы ота сәтті өтті. Енді бір-екі күнен соң, Михаил Бедный үйіне қайтуға әзірленіп жатыр. Алдағы уақытта ақ халатты абзал жандар тағы 3 ота жасауды көздеп отыр. Айта кету керек, бір осындай силиконды импланттың құны 400 мың теңгенің маңайында. Тың әдісті 2 жыл бұрын отандық хирург Құлахмет Ерімбетов ойлап тапқан. Кейін өңірлердегі әріптестерін оқытып, тәжірбиеден өткізген екен. Жалпы биыл облыстық туберкулезге қарсы диспансердің материалдық техникалық базасы жаңартылыпты. Нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көптеген жаңа қондырғылар алынған.

Қаныш Бижанов – Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері:

 

– Биыл 99 млн теңге қаржы бөлініп, оған бірқатар бөлімшелерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жансақтау бөлімінің қондырғылары мен жиһазы толығымен алмастырылды. Ота жасау бөлмесінде де көптеген құрылғылар алынды.

Бүгіндері мұнда 40- тан астам дәрігер жұмыс жасайды. Ал облыс бойынша мекемеде 648 адам есепте тұр.

Мағжан Ахмадина