Мәдениет

“Art-класс” балет студиясы 2 жылдығын атап өтті

Кейін сахнаға аталмыш өнер түрінің қыр-сырын меңгерген балериналар шықты. Аяқтарына балетші кебісін, үстеріне әдемі көйлек киген жеткіншектер итальяндық “Тарантелла” биін билеп жатыр.

Әртістердің бірі Медина Омарова. Балетпен үшінші жыл айналысып келеді. Болашақта Анна Павлова секілді атағы жер жарған балерина болсам дейді ол.

Медина Омарова , “Аrt- класс” балет студиясының тәрбиеленушісі:


–  “Торонтелла” менің бірінші биім. Әдемі көйлегім бар. Балетке анам алып келді. Өте ұнайды, бірақ өте қиын.

Бүгінде Аrt- класс” балет студиясында 30-ға жуық әртіс шеберлігін шаңдауда. Жас ерекшелігі 5-тен 14 жасқа дейін. Жуырда мектептің ашылғанына екі жыл толыпты. Онымен қоса қазанның бірі – халықаралық балет күні. Бұл екі мерекені қосып, студия ұжымы шағын концерт қоюды шешкен.

Татьяна Каменева, “Аrt- класс” балет студиясының оқытушысы:


–  Кез-келген бүлдіршін балетпен айналыса алмайды. Мектебімізге дене бітімі ерекше және физикалық қабілеттері жоғары қыздарды ғана қабылдаймыз. Осы мақсатта қатаң іріктеу жүргіземіз. Қаламызда басқа балет мектебі жоқ, онымен қоса бұл өнер түрі біздің өңірде тіпті дамымаған. Сондықтан, бүгінгі шара арқылы ата-аналар мен бүлдіршіндердің балет өнеріне деген қызығушылықтарын арттыруды көздеп отырмыз.

Өзінің әсерлілігі мен әдемілігіне қарамастан өнердің бұл түрі үлкен шыдамдылық пен ұзақ дайындықты қажет етеді екен. Сахнадағы бір нөмір бірнеше жылдық жаттығулардың жемісі дейді оқытушылар. Сахнаға шыққандардың дені балеттегі мансабын жаңадан бастап жатыр. Сондықтан концерттік бағдарлама шағын хореографиялық нөмірлер және қарапайым жаттығулармен шектелген.

Саят Ермек