Спорт

Петропавлға велшабандоз Алексей Луценко оралды

Әуе кемесімен велошабандоз Алексей Луценко келе жатыр. Спортшымызды 100-ге жуық адам асыға күтіп тұр. Жұртшылықтың арасында жерлесіміздің алғашқы жаттықтырушысы Виктор Потапов да бар.

Виктор Потапов – Алексей Луценконың алғашқы жаттықтырушысы:


–  Алексей бала күнінде мәре сызығын кесіп өткенше тартысқа түсетін. Осы қасиетінің арқасында спортшым биік шыңға шықты. 23 жасқа дейінгі әлем біріншілігінде чемпион атанды. Бірнеше ірі турнирлерді ұтты. Биылғы жаһандық жарыста да үздік 10 велошабандоздың қатарына қосылды. Мен оның жетістігіне әрқашанда ризамын.

Сәлден соң әуежайдың фоесіне көптен күткен Алексей Луценко келді. Жерлестеріміз чемпионды ыстық ықыласпен қарсы алды. Айта кетейік, велошабандоз “Astana Pro Team” ұжымы сапында “Вуэлта Испания” жарысына қатысты. Доданың 5-ші турында күмбеге бірінші келді. Осылайша ел құрамасының жалпы командалық есепте топ жаруына ұпай қосты. Сонымен қатар, жерлесіміз жуырда өткен “Алматы туры-2017” сайысында үздік өнер көрсетті. Әлемнің 17 елінен келген спортшыларды артқа тастап, жеңіс тұғырының биік сатысына көтерілген болатын

Алексей Луценко – “Алматы туры” жарысының 4 дүркін чемпионы:


– “Алматы туры-2017” жарысының алғашқы кезеңінде 171 шақырымды жүріп өттік. Мен бұл қашықтықты 3 сағат 49 минутта бағындырып, жеңіске жеттім. Мықты қарсыластарымды артта қалдырдым. Ал, келесі 161 километрден тұратын кезеңде мәре сызығын 2-ші кестім. Қос нәтижені санай келе чемпион атандым. Енді, алдағы уақытта әзірге жарыстар жоқ. Аздап демаламын.

Әуежайдағы кездесу соңында Алексей Луценко өзінің жанкүйерлеріне қолтаңба берді.

 

Култанов Байболат