Қоғам

Петропавлда адам құқығын қорғау жөнінде тренинг өтті

Алайда, әр азамат конституцияда тайға таңба басқандай жазылған заңдарды тиісті дәрежеде қолдана ала ма? Бүгінгі жиынның басты тақырыбы осы. Жалпы, Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау деңгейі басқа елдермен салыстырғанда едәуір жоғары. Алайда, Алматы, Астана сынды мегаполис тұрғындарымен салыстырғанда өңір халқы заңды мұншалықты жетік білмейді екен. Сондықтан, жергілікті халықты ақпараттандыру үшін осындай семинар-тренингтер өткізілуде.

Тастемір Әбішев – ҚР Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы:

 


– Семинардың мақсаты – Петропавл тұрғындарына және СҚО-да тұратын азаматтарға, жалпы барша жұртшылыққа Қазақстанда адам құқықтарының принциптерін түсіндіру. Басына іс түскенде қалай қорғану керек деген сұрақтарға жауап береміз.

Жыл сайын адам құқықтары жөніндегі комиссияға мыңға жуық өтінішхат келіп түседі. Олардың басым бөлігі соттың шығарған үкімімен келіспеу жөніндегі азаматтардың арызы. Ал, екінші орында құқық қорғау органдарының шарасыздығы мен тұрғындардың еңбек құқығын бұзу болып табылады. Ол, яғни заңсыз жұмыстан шығару, жалақы төлемеу сынды мәселелелер. Егер, қазақстандық өзін заң алдында қорғай алмаса, біріккен ұлттар ұйымының комитеттеріне арыз жаза алады.

Дьердь Сабо – ЕҚЫҰ Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің басшысы:


–  Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы 3 бағыт бойынша жұмыс жасайды. Оның барлығы адам құқығын қамтамасыз етуге байланысты. Әр адам бұл термин мағынасымен жақсы таныс. Алайда, оны дұрыс қолдана алмайды. Егер адам құқығы тапталатын болса, ол халықаралық ұйымдарға жүгіне алады. Өзі тап болған жағдайды баяндаса, оған міндетті түрде жауап қайтарылады.

Бұдан бөлек, семинар барысында еңбек қатынастарынан туындайтын дау-дамайды сотқа дейін жеткізбей шешу мен азаматтың ақпарат алу құқығы да сөз етілді.

Әмина Байбурина – №2 орта мектеп директоры:


– Бүгінгі семинарға қатысқаныма өте қуаныштымын. Өте пайдалы. Адам құқықтары және оны қалай қорғау керек деген сынды жақсы мағлұматтарға қанық болдық. Түйінді мәселелерді көтеруде. Ұнады.

Аталған семинар-тренинг осыған дейін еліміздің 9 өңірінде өткізіліпті.

 

Эльмира Сәдуақасова