Спорт

Назарбаев зияткерлік мектебінде велоакция өтті

Нұрғали Елшібеков, Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры:

– Шара мақсаты – ата-аналар мен оқушыларды салауатты өмір салтына тарту. Келесі жылы жаз айларында ұйымдастырамыз.

Жексенбілік велоакция ел төңірегіндегі 20 Назарбаев зияткерлік мектептерінде өтті. Алайда, теріскейлік білім ошағының жеткіншектері бұл күнді спортзалда өткізуге мәжбүр болды . Себебі, далада қар аралас жаңбыр жауып тұр. Сондықтан, велосипедтерді сынауға шықпаған оқушылар мен ата-аналар мектеп спортзалында өткен көңілді старттарда бақ сынады.

Доп қуалап, жүгіріп жүргендердің бірі Айнаш Әубәкірова. Оның қызы, Айсана, зияткерлік мектептің 7 сыныбында оқиды. Күн жексенбі болса да, спартакиадаға бауыр етін қолдау үшін келіпті.

Айнаш Әубәкірова, ата-ана:


– Демалыс күндері дене шынықтырумен айналысу денсаулыққа өте пайдалы. Сондықтан, спартакиада маған өте ұнады.

Шараның мақсаты – халықаралық ұйымның базарлықтарын сынап көру ғана емес, сонымен қатар, оқушылар, ата-аналар мен ұстаздардың арасындағы байланысты нығайту. Білім алушылардың қуанышында шек жоқ. Мұндай спорт мерекелері жиірек өткізілсе дейді олар.

БҰҰ-ы Назарбаев зияткерлік мектептеріне жалпы есепте 400-ден астам велосипед тарту еткен. Олар білім ошақтарындағы дене шынықтыру сабақтарында қолданылатын болады. Жеткіншектер үшін жол ережелерін түсіндіретін шеберлік сағаттарын өткізу де жоспарда.

Саят Ермек