Спорт

Теріскейлік өрендер Азия чемпионы атанды

Халықаралық додада жас өрендердің жолы болып, тұғырдың жоғары сатысынан көрінді. Жақсы көрсеткіштен кейін Антон мен Алина Алматы қаласында жалауын желбіреткен Азия чемпионатына қатысуға аттанды. Байрақты бәсекеге бір айдан артық дайындалыпты.

Бұл сында теріскейлік спортшыларға қытайлықтар айтарлықтай қарсылық көрсеткен. Бірақ, қиын элементтердің барлығын сәтті орындаған жерлестеріміз аспан асты елінің өкілдерін шаң қаптырды. Айта кету қажет, Азия чемпионатына біздің еліміздің атынан тағы павлодарлықтар қатысқан. Бірақ, ұпай саны бойынша Антон мен Алинаның мысы басым болып, ақтық сында Қазақстанның намысын солар қорғаған. Нәтиже – алтын медаль.

Антон Ямпольский – спорттық акробатикадан жасөспірімдер арасында Азия чемпионы:

– Әр спортта секілді жарысқа дайындық өте қиын болды. Тіпті, Омбы қаласына да барып жаттықтық. Психологиялық жақтан да шыдамды болу керек. Жарыста осал қарсылас болған жоқ. Барлығы мықты болды.

Алина Мұхамеджанова – спорттық акробатикадан жасөспірімдер арасында Азия чемпионы:

– Біздің жұп болып өнер көрсетіп жатқанымызға 1 жыл 4 ай болды. Антон бұл спортпен 10 жыл айналысса, менің келгеніме 5 жыл. Басында әрине қиын болды. Жаттығуда бір-бірімізді түсінісе алмайтынбыз. Кейін барлығына үйреніп кеттік. Міне, Азия чемпионы атандық. Өте қуаныштымыз.

Облыстық акробатика спорты мектебінің тәрбиеленушілері бұдан бөлек өзге жарыстарға да қатысып жақсы нәтижеге қол жеткізген.

Ринат Белогонов – СҚО акробатика спорты бойынша МБЖСМ директоры:


–  Тараз қаласында жасөспірімдер арасында акробатикалық жолақта секіруден ел біріншілігі өткен болатын. Онда спортшыларымыз жақсы өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте 2-ші орынды иеленді. Жекелей сында 3 алтын, 1 күміс пен қола медальды еншіледі. Онда Елизавета Мец, Алексей Перепадия мен Александр Шашков тұғырдың жоғары сатысынан көрінді.

Енді спортшылардың алдында ел біріншілігі тұр. Ол Петропавлда қазан айында өтпек. Ал Сергей Галицский деген өреніміз батутта секіруден әлем чемпионатында бағын сынамақ.

Риат Шони