Энергетика

Петропавлдағы әр тұрғын үйге жылу есептегіш құрылғы орнатылуы тиіс

Юрий Буштаренко – “Колос” тұтынушылар кооперативінің төрағасы:

– Жылу есептегіш құралдың арқасында төлемақы мөлшері біршама азайды. Шаршы метр үшін 50 теңдеден төлеген кездер де болды. Бірақ, орнатқаннан соң қол қусырып отырған жоқпыз. Нақты үнемділікке қол жеткізу үшін қысқа дайындық шараларын уақтылы жүргізіп, подъездерді жылытып, құбырларды қаптадық.

Есептеуіш қондырғыны орнату ең алдымен тұрғындар үшін тиімді. Себебі, олар тек нақты пайдаланған жылу мөлшерінің құнын ғана өтейді. Ал, орнатпағандар пәтердегі қалыпты температура үшін сараланған тариф бойынша төлейді. Айта кетейік, 2018 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап бұл баға 122-ден 129 теңгеге дейін өспек.

Дәулет Қалиасқаров – Петропавл қаласы тұрғын үй инспекциясының жетекшісі:

– Негізі 2015 жылы бастау алған арнайы мемлекеттік бағдарлама аясында қаладағы 536 көпқабатты тұрғын үйде жылу есептегіш құрылғы орнатылуы тиіс. Қазіргі таңда жоспардың 55 пайызы орындалды. 280 құрылғы орнатылды. Енді, бұл баспаналарда төлемақы мөлшері пәтердің 1 шаршы метрі үшін орташа есеппен 75-77 теңгеден айналатын болады. Қондырғы орнатылмаған үйлердің тұрғындары 122 теңгеден төлейді. Ал, келер жылы бұл тариф тағы 7 теңгеге өседі.

Жылу есептегіш құрылғы орнату мәселесі – қазір қала тұрғындарының қызу талқылауында. Азаматтардың көбі аспапты орнату ауқымды қаражатты қажет етеді деп шырылдайды. Айлайда, баспанадағы жылу үшін екі есе артық төлегенше, қажетті қондырғыны қойып, оның есептеуімен кейін үнемі аз төлеп отырған тиімдірек. Аппарат құны 600 мың теңгеден асады. Орнатушы – “Севказэнергосбыт” серіктестігі. Кәсіпорын тарапынан бөліп төлеу жүйесі қарастырылған.

Дәулет Қалиасқаров – Петропавл қаласы тұрғын үй инспекциясының жетекшісі:

– Мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғындар жылу есептегіш қондырғы құнын 4 жыл ішінде бөлеп төлеу мүмкінідігіне ие. Орташа есеппен әр тұрғын айына 300-400 теңге қаражатты “Севказэнергосбыт” серкітестігіне аударып отырады. Онымен қоса, орнатушы компания тарапынан сервистік қызмет көрсету мен бірінші тексеріс тегін жүргізіледі.

Есептегіш құрал бойынша төлеудің тиімділігіне тұрғындардың дені көз жеткізді дейді қалалық әкімдіктің өкілдері. Бірақ, әлі де болса қажетті қондырғыны орнатпаған 256 тұрғын үй бар.

 

Саят Ермек