Білім

Петропавлда дәстүрлі Президенттік олимпиаданың өңірлік кезеңі өтті

11-ші сынып оқушысының дайындығы жақсы. Әсіресе, биология мен химия пәндерінен берілетін сұрақтарды шемішкедей шағамын деп отыр. Себебі, бұл екі пән өзінің ең сүйікті сабақтары екен. Бұған қоса, математика мен физикаға да бейімі бар. Сондықтан, үздіктер қатарынан көрінетініне сенімді.

Қадиша Айтугулова – А.Игібаев атындағы орта мектеп оқушысы, Есіл ауданы:

– Мен болашақта хирург болғым келеді. Сондықтан да, биология мен химия пәндерін ерекше жақсы көремін. Олимпиадаға жақсы дайындалдым.

Дәстүрлі президенттік олимпиада биыл 10-шы мәрте өткізілуде. Жыл сайын қатысушылар саны едәуір артып тұрады. Мәселен, өткен жылы 262 оқушы болса, бүгінде бұл көрсеткіш 301-ге дейін жеткен.

Әлмұрат Бектеміров – СҚО білім беру басқармасының білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері:

– Президенттік олимпиаданың мақсаты – математика, физика, химия мен биология пәндерін жақсы білетін оқушыларды іріктеп, олардың осы қабілеттерін дамыту.

Сайыс 3 кезеңнен тұрады. Төрт пәннен де жоғары нәтижесі көрсеткен 20 оқушы, екінші турға жолдама алады. Егер онда да білімін дәлелдей алса, Теміртау қаласында өтетін республикалық кезеңде бақ сынамақ.

 

Эльмира Садвокасова