Ауыл шаруашылығы

Өңір жетекшісі жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына барды

Александр Хитров – “Ақ-жер 2010” ЖШС агрономы, Жамбыл ауданы:

– Бұл серіктестікке ресейлік инвесторлар 2 млрд теңге қаржы құйды. Көктемде ауқымды жөндеу жұмыстары жасалды. Заманауи қондырғылармен жабдықталған нысандарды іске қостық. Тағы, алқаптарға минералды тыңайтқыштар себілді. Күзде де шаруа жалғасады. Бүгінгі күні агроқұрылымда 85 адам еңбек етуде. Жұмысшылардың 60 пайызын жергілікті тұрғындар құрайды.

Үстіміздегі жылы серіктестік 8 жарым мың гектарға жуық жерге дән сепкен. Оның жартысынан астамына бидай егіліпті. Қалған алқапта майлы және бұршақты дақылдар өсірілген. Өнім берекелігі жақсы. Бидай гектарына 19,5 центнерден айналса, зығыр мен рапс орташа 8 центнерді құраған. Агроқұрылымның жұмысымен облыс әкімі Құмар Ақсақалов жіті танысты. Өңір жетекшісі шаруашылық өкілдеріне майлы дақылдарды мол егуге кеңес берді.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Майлы дақылдарға деген сұраныс басым. Рапстың 1 тоннасы 115 мың теңгеге сатылуда. Тағы, оған мемлекет 7 жарым мың теңге субсидия төлейді. Бидайды гектарынан 30 центнерден жинасақ қана осындай пайда табуға болады. Ал, біз әлі ондай астық ала алмай отырмыз. Сондықтан, рапс мен зығырды көп егуге кеңес берем. Тағы, міндетті түрде ауыл тұрғындарын жұмысқа тартыңыздар. Осы жердегі азаматтар алысқа бармай ақша тауып отбасылары асырауға жағдай жасалуы қажет.

“Ақ-жер 2010” серіктестігі жерге себетін минералды тыңайтқыштарды Ресейдегі Avgust компаниясынан тасымалдайды. Бұл ретте аймақ басшысы көрші елдегі өндіріс ошағымен әріптестік орнату жайын тілге тиек етті. Осылайша, Құмар Ақсақалов болашақта өңірімізде зиянкестермен күресуге арналған дәрі шығаратын зауыт тұрғызу қажеттігін айтты.
Ал, бұл – Архангелка селолық округы. Осы жерде өңір жетекшісі тұрғындармен кездесу өткізді. Мұндағы елді мекендерде мал азығының бағасы шарықтап кеткен. Шөптің тоннасы – 15 мың теңге, сабан 4 мың тұрады. Бұны облыс әкімі қатаң сынға алды.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Облыс бойынша шөптің тоннасы 6-7 мың теңге тұрады. Мынау шектен шыққандық қой. Ешбір жерде бұндай қымбат мал азығын көрген жоқпын. Біздің өңірде шөп жетеді. Соны шауып арзанға сату керек. Ал, сабан шашылып жатыр. Жинап алып, тіпті арзан бағаға берген дұрыс.

Жиында “Айтуар-2017” АШӨК директоры Әнуар Әбдірешов сөз алды. Азамат жаз бойы 5 ауылдағы тұрғындардан сүт жинапты. 1 литр ақты 70 теңгеден сатып алып, “Сергеевка сүт өнімдері” серіктестігіне 90 теңгеден өткізген. 3 ай бойы өнім тапсырған тұрғындарға 4 млн теңгеден аса ақша төлепті. Кәсіпкердің әлі де адамдарға беретін 1 миллион 600 мың теңге қарызы бар екен. Кәсіпкер жағдайды реттеу үшін бірқатар мәселелер туындағанын айтады. Сол себепті, облыс әкімінен көмек сұрап келген.

Әнуар Әбдірешов – “Айтуар-2017” АШӨК директоры, Жамбыл ауданы:

– Тамыздың 16-сынан “Сергеевка сүт өнімдері” серіктестігінен ақшамызды ала алмай отырмыз. Кәсіпорын ақшамызды бердеймді.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Бұндай мәселе туындамауы керек. Тез арада проблеманы шешіңіздер. Қожандайымен кездесіп, ақшаны алу қажет.

Кездесуде Құмар Ақсақалов селолық округта жер себетін агроқұрылымдарды сынады. Мұндағы “НТС Агро” атты серіктестікте жалақы төмен. Бар-жоғы мамандар 46 мың теңге алады. Тағы, бұл кәсіпорында бірде бір жергілікті тұрғын жұмыс істемейтін көрінеді. Облыс әкімінен сөгіс еститінін білді ме шаруашылық басшысы жиынға келмепті. Ал, Айтуар – Агроға жыл басынан бері 2 миллион теңге субсидия берілген. Есесіне төленген салық 488 мың теңге ғана. Агроқұрылым директоры мемлекетке 1 миллион қайтардық деп ақталды. Алайда, аймақ басшысы барлық кіріс-шығысты бақылауында ұстайтындығын айтты.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Мен әр жиынға дайындаламын. Осында келмес бұрын барлық агроқұрылымның атқарған жұмысымен таныстым. Менің қолымда сіздердің 3 жыл бойы не істегендеріңіз жайлы құжат бар. Бүгінге дейін нашар еңбек еткендеріңіз жетеді. 25-30 центнер астық алатын жерден 10-15 центнер өнім жинаймыз. Жерді күтпейміз. Жалақы да аз. Осының салдарынан тұрғындар көшеді. Биыл облыстағы 19 мектеп жұмысын тоқтатты. 3 елді мекен мүлде жабылды. Сол себепті, ауылдағы шаруашылықтар іске білек сыбана кірісіп, халыққа жағдай жасауы керек.

Жиынға базыналарын арқалап тұрғындар да келіпті. Олар Архангелкадан аудан орталығына дейін автобус жоқ дейді.

Екатерина Исава – Архангелка селосының тұрғыны, Жамбыл ауданы:

– Пресновкаға дейін авбоус қатынамайды. Зейнеткерлерге аудан орталығына жету қиын. Таксилердің құны қымбат. Олар бізден 5-6 мың теңге сұрайды. Сондықтан бір қоғамдық көлік шықса жақсы болар еді.

Иван Турков – Жамбыл ауданының әкімі:

– Биыл автобус болады. Қоғамдық көлікті шығару үшін аудандық бюджеттен 1,2 млн теңге бөлініп отыр. Көп кешікпей қоғамдық көлікпен қатынайтын боласыздар.

Ал, Асқар Жекеев болса Айтуар ауылында таза су жоқ дейді. Оған қоса жол мәселесі де қиын болып тұр. Көктемде Архангелка селосы арасындағы грейдерді тасқын 2 жерден шайып кеткен. Азамат жөндеу жұмыстары әлі жалғасып жатқандығын айтады.

Серік Шәріпов – Архангелка селолық округының әкімі:

– 2076 Жөндеу 1 миллион 200 мың теңгеге жасалуда. Грейдерге тас төселіп, қайта көтеріліп жатыр. Жұмыс қазанның соңында аяқталады.

Тағы, кездесуде тұрғындар тарапынан мал азығына қатысты да сұрақтар жолданды. Өткен жылы ауыл азаматтарына агроқұрылымдар пайды нашар беріпті. Тіпті, кейбіріне 2 мың теңге ақша төлеп құтылған. Аймақ басшысы аудан әкіміне жерді иеленіп алып, халықты қанаған шаруалармен жағдайды реттеуді тапсырды. Сонымен қатар, өңір жетекшісі жұмыс сапары соңында Благовещенко селолық округы тұрғындарымен кездесті. Мұнда шөптің тоннасы – 9 мың, ал сабан 6 мың теңгеден сатылуда. Жақында тұрғындарға пай берілгелі отыр.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Тұрғындарды мал азығымен қамтыңыздар. Жем-шөп арзанға сатылсын. Мұны аудан әкіміне бақылауды тапсырамын. Келер жылда біздің әр ауданда сервистік дайындау орталығы ашылады. Онда тұрғындар өздері ала жаздай өсірген өнімдерін тапсырсын. Тауарды оңтүстікке саудалаймыз. Қол қусырып отыра беруге болмайды. Сол себепті, ауылдықтарды бау-бақшалықпен айналысуға шақырамын.

Жиын соңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов тағы да ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері елді мекен тұрғындарына көмектессін деп ескертті.

Култанов Байболат