МТРА жаңалықтары

Зығыр сабанымен жағылатын қазандық

Тамара Қостаева – С.Г.Гуденко атындағы Дубровное орта мектебінің директоры:

– Бұндай қазандықтарды серіктестік өңірдегі өзге мектептерге орнатқан. Біз үшін таңсық болса да, олардың бұл істегі тәжірибесі мол. Сондықтан, білім ошағы жылы болады деген сенімдеміз.

Мектепте 120-дан астам бала білім алуда. Сондай-ақ, мұнда шағын орталық пен интернат жұмыс істейді. Сондықтан, білім ошағы жыл сайын 425 тонна көмір мен тағы 30-ға жуық текше метр отын сатып алатын. Ал, енді бұл мақсатта шығындалудың қажеті жоқ. Агроқұрылым алдағы 3 жыл бойы мекемені тегін биоотынмен қамтамасыз етіп тұрады. Кейін білім ошағы оны өз қаржыларына сатып алады. Бірақ, бұл отын мен көмірге анағұрлым аз. Биылғы жылыту маусымына 1200 сабан теңі қажет екен. Серіктестік жылытудың бұндай заманауи түрін үшінші жыл қолдануда.

Рудольф Гасман – “Агрофирма Мамлютское” ЖШС басқарушысы:

– Алғаш рет бұндай қазандықты Якорь ауылындағы мектепке орнаттық. Өзіміздің шаруашылықта да қолданамыз. Мәселен, дақылдарды кептіргіш те осы польшалық қондырғының көмегімен жұмыс істейді. Қазандықтың басы-қасында болатын мамандарды оқытамыз. Биоотын ретінде зығыр сабаны пайдаланылады. Себебі, ол қатты болғандықтан, жақсы жанады.

Мәселен, биыл серіктестік 2,5 мың га жерге зығыр сепкен. Енді, оның сабанын бір жыл бойы отын орнына пайдаланады.

– Бір сабан теңінің салмағы шамамен 250 кг құрайды. “Агрофирма Мамлютское” серіктестігі биыл оның он мыңға жуығын дайындапты. Биоттын бірнеше ауылдық мектеп пен шаруашылық нысандарын жылытуға жеткілікті.

Айта кеткен жөн, бұл экологиялық таза биоотын қуаттылығы жағынан әдеттегі көмірден кем түспейді. Кез келген ауа райында нысанды қажетті температураға дейін жылытуға қауқарлы.

 

Эльмира Садвокасова