Мәдениет

Тарихи өлкетану музейінде кезекті көрме ашылды

– Радио, телефон, тігін машинкасы. Біреу білсе, біреу білмес. Дәл осы заттар кезінде экспо көрмесінде қалың жұртшылық назарына ұсынылып, жоғары бағаға ие болыпты. Ал, бүгінде ғасырлық тарихы бар технология жетістіктері адам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналды.

Биыл көрме өткізу мәртебесі біздің елімізге бұйырды. Астана қаласында ұйымдастырылған шарада 3 ай бойы әлем елдері жасыл энергетика саласындағы технологиялық жетістіктерін ұсынды. Енді, бүгінде бұл Қазақстан үшін маңызды тарихи оқиғаға айналып отыр.

Жансұлу Бекенова – облыстық тарихи өлкетану музейінің экскурсия жетекшісі:

– Бүгін музейде Экспо халықаралық көрмесіне арналған көрме ашып отырмыз. Шараның мақсаты – өскелең ұрпаққа тарихи жайтты таныту.

Ауқымды шараны ұйымдастыруға тікелей қатысып, оның куәгері атану мүмкіндігіне теріскейлік 100 ұл-қыз ие болды. Олардың арасында Аделина Хисматуллина бар. Нәзікжанды түрлі ұлт өкілдерімен жүздесіп, дүние жүзіне белгілі “экспо-әжеймен” де танысыпты.

Аделина Хисматуллина – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Менің бұл көрмеден алған әсерім өте мол. Өзім ағылшын және француз тілдерінің мұғалімі мамандығына оқимын. Түрлі мемлекеттің азаматтарымен шет тілде сөйлесіп, тәжірибемді шыңдадым. Ал, соңғы күндері өзім де турист ретінде барлық павильондарды араладым. Онда ұсынылған технологияларды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Халықаралық көрмеге өңірімізден бірқатар жобалар ұсынылды. Ал, тамыз айында бас қалада СҚО мәдениет күндері өтті. Астана тұрғындары мен қонақтары өлке тарихымен танысып, теріскейліктердің өнерін тамашалады. Жалпы, шараның әрбір күні қызыққа толы болған. Тарихи оқиғаны өз көзімен көріп үлгермегендер үшін облыстық тарихи өлкетану музейіндегі көрме бір ай бойы жұмыс істейді.

Эльмира Садвокасова