Қоғам

“Жыл кітапханашысы – 2017” облыстық байқауы өтті

“Жыл кітапханашысы” атауын Петропавл қаласы мен өңір аудандарынан келген 14 маман сарапқа салды. Бәрі – өз ісінің жілігін шағып, майын ішкендер. Байқауды өткізудегі мақсат – кітапхана саласы мамандарының кәсіби шеберліктерін тексеру және әлеуметтік мәртебесін арттыру.

Любовь Самсонова – С. Мұқанов атындағы ОӘҒК кітапханаларды дамыту бөлімінің басшысы:

– Бұл байқауды әр үш жыл сайын өткізіп тұрамыз. Мұнда кітапханашылардың кәсіби шеберлігі, мамандардың оқырманмен жұмыс жасау тәсілдері, кітапхана жұмысын жаңғыртуда енгізген жаңашылдықтары сыналады. Себебі, әр кітапханашы оқымысты әрі әдеби сауатты болуы тиіс.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқысы – қазылар алқасы мен көрермендерге өзін таныстыру. Бұл тапсырмада сайыскерлерге шығармашылық еркіндігі берілді. Кейін кітапхана қызметкерлері оқырмандар санын көбейту, кітапханалар жұмысын жандандыруды мақсат еткен ғылыми және шығармашылық жобаларын қорғады. Ал, үшінші кезеңде кәсіби блиц-турнир сұрақтарына жауап берді.

Жанаргүл Мүшелбайқызы Уәлиханов ауданының намысын қорғауда. Бұл салада маман 10 жылдан астам уақыт еңбек етіп жүр.

Жанаргүл Мүшелбайқызы – байқауға қатысушы, Уәлиханов ауданы:

– Оқырмандарды мемлекеттік тілдегі кітаптарды оқуға баулимын. Кітаптардың тұсаукесерін өткіземін, балаларға шығармашылық жобалар жаздырамын.

Үш кезеңнен де мүдірмей өткен сайыскер “Жыл кітапханашысы-2017” атауына ие болады. Ал, жүлделі орындарды иеленген және бөлек аталымдарда топ жарғандары грамота және естелік сыйлықтармен марапатталады.

 

Саят Ермек