Көлік және жолдар

Петропавл-Қорған бағытындағы жол жөнделуде

Юрий Ивашов, “K-DorStroy” АҚ СҚОФ директоры:

– Біз үшін ең бастысы ауа райының жақсы болғаны. Техника мен жұмысшы күші жеткілікті. Қыста жолды күту жұмыстары бар. Ол кезде де күн жақсы болса инженерлік шаруаларды жүргізе береміз.

Петропавл-Қорған тас жолы екі учаскеге бөлінген. Жоспарланғандай “Жаңажол” шекара бекетіне дейін 60 км жол жөндеу көреді. Жоба құны – 27 млрд теңге. Жолды жөндеуге 120 техника мен 200 жұмысшы күші жұмылдырылған. Облыс әкімі шаруаның барысын байқап, шаруаға екіпін қосу керектігін айтты. Ал, сапаға ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Құмар Ақсақалов, СҚО әкімі:

– Бұл – маңызды нысан. Тездетіңіздер. Бірақ, асығамыз деп сапаны төмендетіп алмаңыздар. Қорғанға шығаберіс жол барлық халықаралық талаптарға сай болуы керек. Екі жыл ішінде аяқтау керек. Келесі жылдың соңына қарай жұмыстардың барлығын бітіру қажет.

Қазір жаңғырту жоспар бойынша, кестеге сай жүріп жатыр. Мамандар жоба 2019 жылдың қазан-қарашасында аяқталуы тиіс деп отыр. Бірақ, өңір жетекшісінің бүгінгі тапсырмасынан кейін жұмысқа қарқын қосып, жобаны уақытынан бұрын тапсыруға тырысамыз деді. Бұл ретте мердігер ұйымдардың саны арттырылмақ.

Болатбек Айтбаев, “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ СҚОФ басшысы:

– Ескі жолдың 1 шақырымына жаңасын төсеп үлгердік. Жыл соңына дейін жолдың бірінші техникалық категорияға жататын 3,5 километірін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Су өткізгіш құбырларды, коммуникация желілерін тартып биыл бітіреміз. Жолдың жағдайы жақсарып, тегістеліп, сапасы жоғарылайды. Бойына жаңа белгілер орнатылып, қосымша қажетті қауіпсіздік бөгеулері қойылады.

Петропавл-Қорған бағытындағы жол аяқталғаннан кейін мергдігер компания 5 жылға кепілдік береді. Петропавлдан Омбыға баратын жолдың жағдайы да жақсармақ. Келер жылы бұл бағыттың 40 км-і жөндеу көрмек.

Акбопе Танирберген