МТРА жаңалықтары

Орман шаруашылығы мекемелерінің өкілдері студенттермен кездесті

Қазіргі таңда өңірде 12 орман шаруашылығы бар. 40 мың 259 гектары Мамлют ауданындағыға тиесілі. Аталмыш аудандағы орман шаруашылығының директоры Қайырбек Қасеновтың айтуынша қазір оларға 2 маман қажет.

Қайырбек Қасенов – Мамлют аудандық орман шаруашылығының директоры:

– Соңғы үш жылда бізге 13 жас маман келді. Біздегі орташа айлық орта білімі барлар үшін 56 мың теңгеден асады. Ал жоғары білімі барлардыкі 65-мыңның маңайында. Тағы сыйақылар беріледі. Жалпы қолында дипломы бар мамандермен жұмыс жасау жеңілдеу. Олар бұл істің негізгісін меңгерген. Ал білмеген тұстарын өзіміз үйретеміз.

Жалпы соңғы үш жылда облыстағы мемлекеттік орман шаруашылықтарына 36 жас маман жұмысқа орналасқан. Қазіргі таңда 1 инженер, орманшы мен 2 орманшы-қорықшы керек екен. Бүгінде бұл мекемелерде 18 адам зейнет жасында, тағы 27-сі еңбек демалысына шыққалы тұр. Яғни, алдағы 2-3 жылда орман шаруашылығына 45 маман қажет болады.

Василий Лабанчук – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Облыста орман шаруашылығы бағыты бойынша мамандарды дайындайтын екі білім ордасы бар. Ол – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ мен Жәлел Қизатов атындағы Есіл ауылшаруашылығы колледжі. Біз олармен етене жұмыс жасаймыз. Студенттер әрдайым өндірістік тәжірибеден өтіп, біліктіліктерін шыңдайды. Бүгінгі жиында алдағы әріптестік жайы талқыланды.

Кездесу соңында студенттер мекеме өкілдеріне көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.

 

Риат Шони