МТРА жаңалықтары

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов шаһарда жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Бұл жерде екі көшенің қиылысына бағдаршамдар орнатылады. 4 аялдама қойылады. Мердігер компания “Су-808” серіктестігі барлық жұмысты атқарып жатыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл шаһар бюджеті 3 есеге артты. Енді бұл инфрақұрылымға оң ықпалын тигізуі тиіс. Жолдар да жөнделуге міндетті. Сонымен қатар, бұның бәріне қоғамдық бақылау қажет. Тұрғындар жұмыстың сапалы орындалуын қадағалауы керек.

Нақ осындай шаруа Калинин көшесінде де тындырылуда. Істің 70 пайызы атқарылған. Айта кету қажет, мұнда бұрындары тротуарлар болмаған. Енді жергілікті тұрғындар үшін қуанышты сәт те келді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 20 жылда бірінші рет бұл көшеде жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Тұрғындардан да біраз өтініштер түскен болатын. Соны ескердік. Бұл – қаланың шеткері аудандары. Мұнда гранитті тротуарлар төселеді.

Бұл учаскеде өңір басшысы тұрғындармен кездесіп, жағдайларын сұрастырды. Өтініш-тілектерін де тыңдады.

Қыздығой Ермекова – Кеншінбаев көшесі, 16-үйдің тұрғыны:

– Біз зейнеткерміз. Жұмыс істеп жатырмыз. Бір өтініш – тұрғындар барлық қоқысты балабақшаның маңайына апарып тастайды. Шашылып жатады.

Бір сөзбен айтқанда бұл көшеде қоқыс жәшіктері жоқ. Шаһар басшысы Марат Тасмағанбетов тұрғындарға бұл іспен айналысатын 7 компанияның бірімен келісім шартқа отыру керектігін жеткізді.
Тағы бір мәселе – ол Батыр Баян көшесімен көліктің көп ағылатындығы. Осыған байланысты аймақ басшысы бұл жерде бір бағытта ғана жүру мүмкіндігін қарастыру керектігін айтты. Мәселені халықпен ақылдасып салмақты шешім жасау қажеттігін де қаперге салды.

Құмар Ақсақалов келесі аялдаған нысан – Жәлел Қизатов көшесі болды. Мұнда да орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 3 бағдаршам орнатылып, 21 аялдама қойылады. Тағы тротуарлар төселеді. Бұл маңда аббаттандыру жұмыстарын жүргізу барысында қожайындарының келісімімен 50-ден астам гараж сырылып тасталған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Келер жылы біз бұл көшені кеңейтпекпіз. Жарықтандыру жүйесін жаңарту қажет. Сондай-ақ, жол жиектерінде бос орындар көп. Онда қамыс өсіп көркін қашырып тұр. Соны қалыпқа келтіру керек. Өйткені, бұл негізгі көшелерідің бірі болып саналады. Сол себепті, тұрғындардың жайлылығы үшін парктік аймақ жасау қажет.

Орташа жөндеуден өтіп жатқан тағы бір учаске – ол Набережная көшесі. Мұнда жаңа асфальт төселіп, бордюрлер орнатылмақ. Жұмыс кестеге сай жүруде. Жалпы биылғы жылы шаһарда 40 шақырымға жуық жолға орташа жөндеу жасалмақ. Тағы Құмар Ақсақалов қалыпқа келтірілген аулаішілік жолдарды байқады. Бұл -Уәлиханов көшесі, 46, 46 “В” және 48 мекен жайындағы үйлердің ауласы. Мұнда балалар алаңқайы да орнатылған. Тұрғындар атқарылған іске дән риза.

Юлия Андроненко – “Рахат үй” ПИК төрайымы:

– Аулаға асфальт төселді, балалар алаңқайы жасалынды. Алғысымыз шексіз. Биыл не сұрадық – соның барлығы орындалды. Бұған қоса Хименко көшесіне дейін жарық тартылды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз көктемде қала әкімімен аббаттандыру жайында сөйлескенбіз. Шаһар басшысы сұратқан қаражаттың барлығы бөлінді. Өткен жылы – 100, биыл да 100 аула қалыпқа келтірілді. Бүгін 92 аулада асфальт төселді. 50-нде балалар алаңқайы жасалынды. Бұның барлығы халық игілігі үшін.

Шаһарда көшелерді жарықтандыру бағытында да ілкімді істер тындырылуда. Мәселен, жол бойына энергияны үнемдейтін шамдар орнатылуда.

Юрий Бацанов – “Апаттан құтқарушы қызметі” ӨК директоры:

– Бұл шамдардың арқасында біз түнде 60 пайыз электр энергиясын үнемдей аламыз. Қалалық әкімдіктің тапсырмасымен кешкі 11-де жарықты бәсеңдетеміз. Бұнда шамдар шаһарда Сүтішев, Жабаев және Жұмабаев көшесінде қойылады. Қазір Сүтішев көшесінде осындай 350 қондырғы орнатылды. Бұл мақсатқа 544,7 млн теңге қаражат бөлінді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тың қондырғылар жақсы жарық береді. Ол тұрғындарға ыңғайлы болуы керек. Сонымен қатар, электр энергиясының үнемделуі де маңызды. Тағы бір ескеретін жәйт, адам немесе көлік өтіп бара жатқан жер жарықтау болып отыруы қажет.

Ал, бұл “Жас Өркен” шағын ауданында бой көтеріп жатқан 9 қабатты баспана. Мұнда 332 пәтер болады. Іске тамыз айында кіріскен “Основание” серіктестігінің жұмысшылары шаруаның біраз бөлігін тындырыпты.

Сергей Тимофеев – “Основание” ЖШС директоры:

– Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Іргетасын құйып болдық. Қазір екінші қабатты көтерудеміз. Құрылысқа қажетті материалдар жергілікті жерден және Көкшетаудан әкелініп жатыр. Мұнда тағы 2 шағын орталық болады.

Жоспар бойынша нысан 2019-шы жылдың қазан айында тапсырылуы керек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл жердегі ескі үйлерді сыру жоспарға сай жүріп жатыр. Бүгінде 200 баспана бұзылды. Ал, жалпы 500-ге жуығын сыру керекпіз. Орнына осындай тұрғын үйлер салынады.

Ал, жақын маңда қызу қарқынмен Оқушылар сарайының құрылысы жүруде. Жұмысшылар бірнеше блоктардың іргетасын құюға кіріскен. Ол ай соңына дейін аяқталмақ. Мердігер компанияның айтуынша барлығы жоспар бойынша атқарылуда.

Абай Колмуратов – “BІ GROUP” компаниясы жоба жетекшісінің орынбасары, Астана қаласы:

– Ғимарат алып гантель секілді болады. Қаңқасы темір бетоннан жасалынады. Біз жұмысқа екі апта бұрын кірістік. 86 бірлік техника бар. Екі ауысымда еңбет етіп жатырмыз.

Аймақ басшысы мердігер компанияға ғимаратты келер жылдың тамыз айында қолданысқа тапсыру қажеттігін ескертті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл нысанның аумағы 13 мың шаршы метрден асады. 3 қабатты ғимарат болады. Құрылыс барысында заманауи материалдар қолданылуда.

“Жас Өркен” шағын ауданында бой көтеріп жатқан тағы бір нысан – ол теннис орталығы. Мұнда 4 ашық және 3 жабық теннис корты тұрғызылады. Металл конструкциясы 95 пайызға монтаждалған. Бірақ, жұмысты шегеріп тұрған мәселе бар.

Берік Салданов – “Каз Эдем Строй Групп” ЖШС директоры, Астана қаласы:

– Металл конструкциясын шығаратын жергілікті зауыт біздің жұмысты шегеріп тұр. Тауарды уақытылы жеткізбей отыр. Біз өз тарапымыздан қаржының барлығын бердік. Осыған байланысты шатырдағы жұмыстар мен сэндвич панельдерді монтаждау тұралап қалды. Бірақ, соған қарамастан нысанды желтоқсанның 16-ына қарай тапсырмақпыз.

Қазір мұнда 100-ге жуық адам еңбек етуде. Екі аптаның ішінде трибуналар толық салынып бітеді деп жоспарлануда. Тағы мұнда коммуникация тартылып жатыр. Ол апта соңына дейін аяқталмақ. Ал, аббаттандыру жұмыстары қазанның ортасына таман бітпек.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Қожаберген жырау көшесіндегі өтпелі көпірді жаңғырту жұмыстарымен танысты. Іс қарқынды жүріп жатыр. Бетондар да орнатылып, құм төселуде. Жұмысшылар екі ауысымда бел жазбай еңбек етуде. Ауа райының қолайсыздығына байланысты екі аптадай кестеден ауытқушылық бар екен.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сіздер қазанның 20-на таман көпірдің бір жақ бөлігін ашу керексіздер. Өйткені, халыққа жүріп-тұру ыңғайсыз. Сонымен қатар, егін ору науқаны аяқталып келеді. Диқандар астықты элеваторларға тасу үшін қаланы айналып жүру қиындық туғызатындығын айтуда. Осыған байланысты жұмысқа қарқын қосыңыздар.

Ал, бұл – Есіл өзені арқылы өтетін көпір. Көктемде болған су тасқынына байланысты тамызда қайта жөндеуге жабылған. Қазір мұнда жұмыстар аяқталуға шақ қалыпты. Түсі сарыға боялып, асфальт жабындысы төселуде. Көпірмен қазанның 5-нен бастап қатынауға болады. Аймақ басшысы қала әкіміне металл конструкцияға декоративті шамдар орнатуды тапсырған болатын. Бүгін өзгеріс Құмар Ақсақаловқа таныстырылды.

Бұдан кейін облыс әкімі Былғары зауыты кентіне соқты. Естеріңізде болар, биылғы көктемдегі су тасқынында мұнда 100-ден астам үйді қызыл су басқан еді. Орнатылған дамба сыр беріп, біраз адам зардап шекті. Енді сол қорғаныс құрылғысы жетілдіріліп жатыр. Ол үшін Үкімет резервінен 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

Дулат Күтербаев – “KAZPACO” ЖШС директоры:

– Дамбаның жалпы ұзындығы – 3 шақырым 127 метр. 417 мың текше метр топырақ әкелінді. 217 адам мен 146 бірлік техника тартылды.

Былғары зауытында аймақ басшысы кент тұрғындарымен де кездесіп, әңгімелесті. Жүргізіліп жатқан жұмыстың сапасын халық қадағалау керектігін де айтты. Ретін пайдаланған тұрғындар атқарылып жатқан істерге алғыстарын білдірді.

Наталья Чорба – Былғары зауыты кентінің тұрғыны:

– Басымызға қайғы түскенде ешкім шет қалған жоқ. Барлығы көмек қолын созды. Жергілікті атқарушы орган өкілдері де келер жылға қамданып жатыр. Дамба бекітілуде. Сол үшін ризашылығымызды білдіреміз.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз дамбаны барынша көтеріп жатырмыз. Бастапқы кезде тұрғындардың орамы арқылы салынып жатыр делінді. Біз жобаны жедел түрде қайта қарастырып өзгерттік. Енді ешкімнің жеке аумағы арқылы жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ.

Дамбадағы жұмыстар толығымен қарашаның 20-сы аяқталады деп жоспарлануда.

 

Риат Шони