Балалар

Қарттарым, аман-саумысың?

Сондықтан Сәлтай апаның жаққан отынан үй оңайлықпен жыли қоймайды. Басқа шаруаға халі келмейді. Бағып-қаққан үш баласы жан-жаққа кеткен. Олардан қайыр күтіп отырған ана жоқ. Мұндай күйдегі қарияларды жасотандық қыз-жігіттер жалғыз қалдырған емес. Олар бұған дейін көктемде келіп, Сәлтай Өмірзақованың ауласын қардан аршып, ағашын жарып беріпті. Қарттар мерекесі қарсаңында қайта келген балаларды әжей қуанып қарсы алды.

Сәлтай Өмірзақова, тыл ардагері:

– Жуынатын жерім жоқ. Моншам бар еді, ол да құлап қалды. Жаңбыр жауса ауыз үйден су ағады, қыста қар түседі, қабырға құлап жатыр. Кішкентай болса да монша істеп берсе екен. Рахмет сендерге, қыздар, ұлдар, осындай әже-апаларыңа көмектескендеріңе.

Әжейдің ауласында оншақты жас еңбектеніп жатыр. Қыздар ауладағы шөпті орса, жігіттер құбырды аршуда. Бүгін жастардың күрек-сыпырғышын сайлап, Сәлтай апайдың үйінен бастаған акциясы қазанның 5-не дейін жалғаспақ.

Абылайхан Қайроллаев, «Жас Отан» ЖҚ СҚОФ төрағасы:

– Қарттарым, аман-саумысың” атты акцияны ресми түрде бастап жатырмыз. Оның барысында еңбек ардагері Сәлтай Өмірзаққызына көмекке келдік. Акция аясында қаладағы барлық ардагерлерді мерекемен құттықтап көмектесеміз. “Нұр Отан” партиясы осындай көмек көрсету үшін басқа мекемелермен меморандум жасасты. Енді, бірлесіп көмек көрсетеміз.

Жасотандықтар облыс орталығында жер үйде тұратын жалғызбасты қарттардың барлығына қолдан келгенше көмек қолын созбақ. Мұндай қариялардың тізімін оларға қалалық ардагерлер кеңесі береді. Жастар өз еңбектерінен бөлек, жалғыз жандармен сөйлесіп, әңгімесіне құлақ түрудің өзі үлкен маңызға ие екенін жақсы біледі.

 

Акбопе Танирберген