Қоғам

Петропавлдағы нысандарға жылу беріле бастады

Облыс орталығындағы “Алтын бесік” балабақшасының іші жып-жылы. Мекемеге жылу өткен сенбіде беріліпті. Мұнда қазір балалар жеңіл киімдерімен жүр. Әсіресе, біз бас сұққан робототехника сыныбы қайнап тұр. Бұл жердегі сынап бағанасы +24 градус шамасында. Осындай жайлы ортада жеткіншектер емін-еркін құлтемірлерді құрастыруда.

Спорт залда да температура нормаға сай. Батареялар қызып тұр. Мұнда кішкентай ұл-қыздар асыр салып ойнап жатыр. Барлықтары да жеңіл киініпті. Олар балабақшаның іші жылы дейді.

Әмина Айтбай – “Алтын бесік” балабақшасының тәрбиеленушісі:

– Бала бақша іші жылы. Еш тоңбаймыз.

Балабақшадағы жылу мына қондырғы арқылы реттеледі. Финдік пеш автоматты түрде басқарылады. Яғни, далада ауа райы салқындаса, іштегі сынып бағанасы жоғарылайды. Ал, күн жылынса, іштегі қалыпты температураны сақтап тұрады. Заманауи құрылғы осыдан 5 жыл бұрын орнатылыпты.

Гәкку Нұрмұқанова – “Алтын бесік” балабақшасының әдіскері:

– Балабақшаның жылыту маусымына дайындығы жөніндегі құжатты маусым айында алдық. Қазіргі таңда балабақшамыз жылы. 1-ші қабаттағы едендерде жылытылады.

Жалпы, Петропавлда жылыту маусымы кеше басталған болатын. Ережеге сай алдымен жылу әлеуметтік маңызы бар нысандарға берілмек.

Анатолий Мишин – Петропавл қаласы әкімінің кеңесшісі:

– Кейін жылу көпқабатты үйлерге де жетеді. Алдымен қауырт маусымға дайындығы жөнінде куәлік алған баспаналарға беріледі. Мұндай құжат бүгінде 800-ден аса нысанда бар. Қалған ғимараттарға жағдай сәл кешірек жасалмақ. Жалпы, қазанның алғашқы 10 күндігінде шаһардағы барлық баспанада жылу болады деп жоспарлануда.

Айта кетейік, биыл теріскейліктер жылуға 1 шаршы метр үшін 122 теңгеден төлейді. Ал, келер жылдың қаңтарынан төлем 129 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін.

 

Култанов Байболат