Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Шал ақын ауданына барды

 

Екі қолға бір күрек таппаған ауыл тұрғандарына әрине, бала-шағасын асырау үшін көшпекке амал жоқ. Мұнда 42 агроқұрылым бар. Бірақ, олардың кейбірінің атқарған жұмысы мардымсыз. Айталық, «ТНС-2020» серіктестігі Шал ақын ауданының құнарлы жерінде 5 жылдан бері еңбек етеді екен. Жерді жалға алғанда істі қатырамыз, еңбеккерлерге жоғары жалақы төлейміз деп уәдені үйіп төккен. Бірақ құр сөзден нәтиже жоқ.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– 5 жыл ішінде жұмысты дұрыс жолға қойып, жақсы еңбек етуге уақыт жеткілікті болды. Бірақ сіздер әлі сол бір деңгейде жұмыс жасап жатырсыздар. Егін шығымдылығы өткен жылы гектарынан 10 центнерден шықса, биыл 15 деп отырсыздар. Ал шарт жасағанда бұдан әлде қайда жоғары болады деп уәде еткенсіздер. Мал шаруашылығымен айналысып, 1 мыңнан астам жұмыс орындарын құрамыз деп едіңіздер. Қазір еңбек етушілердің саны – 500-ге де жетпейді. Мемлекет биыл 87 млн теңге субсидия берді. Ал төлейтін жалақыларыңыз 55 мың теңге ғана. Сондықтан әрине мұндай еңбекақыға сіздерде ешкім жұмыс істегісі келмейді.

Бір сөзбен айтқанда, осындай шаруашылықтардың кесірінен мемлекет қаржысы құмға сіңген судай болып, қайтарымсыз кетіп жатыр. Осылай деп «ТНС-2020» серіктестігінің қателігін бетіне басқан облыс әкімі аудан басшысына шаруа әрі қарай осылай жалғасса, агроқұрылымнан жерді тартып алу керектігін айтты. Ал «Стимул» шаруа қожалығы мен «Транс агро инвест» компанияларында шаруа керісінше өрге басуда. Соңғылары мұнда жұмыс істеуге 2015 жылы келген. Оларда да осы уақыта дейін жалақы 50 мыңның маңайында болыпты. Бірақ уәдесінде тұрған кәсіпорын басшысы жалақыны екі есеге көтерген. Шаруашылықтың алға қойған жоспарлары да көңіл қуантады. Олар қант зауытын ашпақшы. Осы ретте өңір жетекшісі іске қарқын қосу қажеттігін айтты.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Зауыттың құрылысын жалғастырыңыздар. Биыл біздер зауытқа инфрақұрылым салу үшін қаржы бағыттамақпыз. Мемлекет тарапынан су, жарық тарту мақсатында 250 млн теңге бөлінеді. Тек инвестор тауып, тезірек зауыт құрылысын аяқтау керексіздер.

Жиында Ысқақ Ибраев ауылының тұрғындары облыс әкіміне өз сауалдарын жолдады. Олар жол мәселесін реттеп, елді мекендегі клубты жөндеу керектігін жеткізді. Осы орайда аймақ жекекшісі бұл шаруаларды ауылдағы агроқұрылымдардың да тындыра алатындығын айтты. Тек туған елі үшін жаны ашитындар табылса болғаны.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Жұмыс болмағандықтан бәрі кетіп жатыр. Ешқандай назар аударылып жатқан жоқ. Осы жерде жүрген азаматтар халықтың жағдайын жасауға назар аударып жатқан жоқ. Кейбірі ауылдарда клубында, мектебін де жасап жатыр. Тіпті ескі үйді сырып тастап жаңа үй салып жатыр. Сондықтан талап күшейтіледі. Ең алыдмен жермен жұмыс жасап, мал шаруышылығымен айналысу керек. Халықтың қамын ойлап, жағдайын жасау керек. Оның ішінде клубы да бар, жолы да бар.

Осылай халықтың жағдайын жасап отырған шаруашылықтардың бірі – Городецкий селолық округіне қарасты Мерген ауылында орналасқан «ГермесАгро» ЖШС. Олар жұмысшыларына биыл 4 үй салып берген. Қоныс той иелерімен облыс әкімі Құмар Ақсақалов та жүздесті. Тарбуновтар отбасы баспанаға жуырда ғана көшіп келіпті. Отағасы Денис аталған серіктестікте 15 жыл еңбек етсе, зайыбы да жуырда аспаз болып сонда жұмысқа кірген екен.

Денис Тарбунов:

– Біздерге жақсы көмектеседі. Жалақы мөлшері де қонымды. Шаруашылық тарапынан қолдау мығым. Сондықтан біздер де жақсы жұмыс істеуге тырымасыз.

Ирина Тарбунова:

– Бізге үй береді деп күткен жоқпыз. Тосын сый болды, әрине. Үш баламыз бар. Баспанамыз жылы, жайлы.

Алдағы уақытта шаруашылық тағы 5 үй тұрғызып, қызметкерлеріне тапсырмақшы.

Сергей Окунев – «Гермес Агро» ЖШС директоры, Шал ақын ауданы:

– Жұмыс істеп жатқанымызға 12 жылдан асты. Егін егеміз, мал шаруашылығымен айналысамыз. Бұл менің туған ауылым. Сондықтан оның гүлденіп, дамуына үлес қосу парызымыз деп білемін. Салған үйлерді серіктестігімізде ұзақ жыл еңбек етіп жатқан қызметкерлерге береміз. Мектепке көмектесеміз. Ауылға жарық тарттық.

Бұдан соң, аймақ басшысы Мерген ауылындағы сүт қабылдау пунктіне соқты. Ауыл шаруашылығы кооперативі өткен жылы құрылған екен. Сол кездерде оның құрамына 24 адам кірсе, қазір олардың саны арта түскен.

Максим Тимофеев – «Мерген» АШӨК директоры:

– Биыл қатарымыз толығып, 55 адам болдық. 7 ауылдан сүт аламыз. Ақтың литрін 85 теңгеге аламыз. Қазір күніне 1500 тона сүт жинаймыз. Жазда 5 мыңға жуықтаған. Сүт таситын көлік, 2-ші танкер және азық жинауға қажетті техника алдық.

Осыдан кейін аймақ басшысы Юбилейный селолық округіндегі Крещенка ауылына ат басын бұрып, тұрғындармен кездесті. Округ әкімінің сөзінше, қазір мұнда 1 642 адам тұрыс кешеді. Мұндағы негізгі агроқұрылымдардың бірі – «Степное» серіктестігі. Агроқұрылым ауданға конкурс арқылы өтіп 2012 жылы келген екен.

Нұрлан Есімов – Шал ақын ауданының әкімі:

– Олар келгенде егін шығымдылығын гектарынан 20-25 центнерге дейін жеткіземіз. Жақсы жалақы төлеп, ауылдың жағдайын арттыруға үлес қосамыз деген еді. Әрине көмектеседі бірақ шарттағы көрсеткішке әлі жете қойған жоқ. Майлы дақылдар екпейді, мал шаруашылығы да жөнді жолға қойылмаған.

Олардың еңбеккерлеріне төлеп отырған жалақысы – бар-жоғы 48 мың теңге. Бұл қызметкерлерді мазақ қылу деді өңір жетекшісі. Аймақ басшысы халықтың жағдайын ойламайтындармен әңгіме қысқа болу керектігін кесіп айтты.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Мемлекеттен қолдау мығым, бірақ әлі күнге дейін кейбірі істі жөнді жасай алмай отыр. Егін шығымдылығын арттырмай, әртараптандыру жұмыстарын жасамай, жалақы мөлшерін көтермейтіндер. Одан бөлек, мал шаруашылығымен айналыспайтындардан, халықтың жағдайын жасамасамайтындардан заң жүзінде біздер жерді алуға құқылымыз. Заң солай күшейтілді. Енді ешкімге жұмыс істе деп жалынбаймыз. Сондықтан, барлықтарыңыз ойланыңыздар. Кейбірі салық аз төлеу үшін жалақыны қағаз жүзінде аз ғып көрсетіп, кейін қолға көбірек төлейтіндер бар.

Ондай пысықайлады да анықтап, жазалайтын боламыз деді жиынды қортындылаған аймақ бесшісі Құмар Ақсақалов.

 

Магжан Ахмадина