МТРА жаңалықтары

Қыркүйектің 23-і кезекті қалалық сенбілік өтті

Арман Бердағұлов – қалалық мәслихат депутаты:

– Кезекті сенбілік қаламыз үшін маңызды шаралардың бірі болып табылады. Сондықтан, біз де, қалалық мәслихат депутаттары одан тыс қалмадық.

Қала тазалығына бей-жай қарамайтындардың қатарында Жас отандық Абылайхан Қайроллаев та бар. Азаматтың сөзінше, ол бұндай шаралардың ешқашан шет қалмайды. Себебі, өзіміздің сүйікті шаһарымыздың ажарлануы біздің қолымызда дейді.

Абылайхан Қайроллаев – “Жас Отан” ЖҚ СҚОФ төрағасы:

– Қала саябағы шаһар тұрғындары үшін ерекше жер. Әсіресе, демалыс күндері мұнда келушілер көп. Сол себепті. оны тазалықта ұстау біздің міндетіміз. Бұл ретте жасотандықтар мен нұротандықтар ат салысуға дайын.

Сенбілік таңды ұйқымен өткізбей, игі іске мектеп ұжымдары мен оқушылары да қатысуда. Алайда, жеткіншектерге бұл шара ерекше форматта өтуде. Олар бүгін экологиялық десантшылар кейпіне енген.

Ботагөз Исина – Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектеп директорының орынбасары:

– Сенбілікті сайыс түрінде алғаш ұйымдастырудамыз. Осылайша жеткіншектерге тазалықтың қаншалықты қажет екенін түсіндіреміз. Балалар өте белсенді. Сондықтан, болашақта да бұндай шаралар ұйымдастыратын болады. Жарысқа әр сынып қызу дайындалды. Командалар ұран мен жалауын ойлап тапқан.

Әрбір сынып өзара сынға түсуде. Қыз-ұлдарға берілген тапсырма – ағаш жапырақтарын жинап, қазылған жерге көму. Болашақта ол тыңайтқышқа айналады. Сөйтіп, балалар тек бекітілген аумақты тазалап қана қоймай, мектеп ауласындағы қара жердің құнарлы болуына ат салысуда. Әрбір қоқысқа толы қап – бір ұпаймен бағаланады. Кейін нәтижесі шығарылып, ең үздік жұмыс десантшылары анықталмақ.

Александр Каспанов, Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектеп оқушысы:

– Біздің мектепке экологиялық диверсант шабуылдады. Біз тазалық десантшылары оған төтеп беруіміз қажет. Ол үшін бөлінген аумақты қоқыстан тазартудамыз.

Даяна Шаймерденова, Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектеп оқушысы:

– Біз алдағы уақытта осындай сенбіліктердің жиі ұйымдастырылғанын қалаймыз. Көңіл-күйіміз керемет. Сайыста жеңу үшін барлық сынып оқушылары барын салуда. Жеңіске біздің 9 “Б” сыныбы жетеді деген ойдамын.

Қарттар күніне орайластырылған сенбілікке 8 мың адам ат салысыпты. Қала тұрғындарының көмегімен 100 текше метр қоқыс жиналған.

Эльмира Садвокасова