МТРА жаңалықтары

Өңірімізде “Жасыл технологиялар” есебінен табиғи ресурстар үнемделуде

Әділбек Әубәкіров, СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Олар – Есіл ауданындағы қуаттылығы 2,5 мега ватты құрайтын гидроэлектрстанция мен “Зенченко и К” командиттік серіктестігінің 3,5 мегаваттық жел генераторы. Екі жерде де табиғат күшін пайдалану арқылы қуат көзі өндіріледі. Бұл жалпы энергияны үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қаладағы Қазақстан Конституциясы көшесінде күн сәулесімен жұмыс істейтін жарық диодты шамдар орнатылуда.

Өңірде баламалы қуат көзін өндіруде биомассалық қазандықтарды пайдалануға да баса көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда облыс бойынша осындай 50 қондырғы орнатылған. Оның көмегімен Қызылжар ауданы Большая Малышка селосындағы ауылдық мектеп энергияны екі есе үнемдеуде. Мұндай қазандықтарды орнатумен “Сапро-Нат” ЖШС айналысады.

Әділбек Әубәкіров, СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Солтүстік Қазақстан облысы аграрлы өңір болып есептеледі. Сол себепті, үлкен көлемде сабан, шөп қалдықтары қалады. Бұл кейін осы биомассалық қазандықтарда жағылады. Отын үнемдеуде тиімді әрі жылулығы жағынан кем емес. Аталған қондырғыларды жекеменшік егін алқаптары бар ауыл шаруашылықтары да орнатқан. Бағасы жағынан қолжетімді.

Алдағы уақытта Қызылжар ауданы Якорь ауылында биогаз зауыты тұрғызылады. Онда құстың қиы өңделіп, кейін одан энергия көзі мен жерге себетін тыңайтқыш алынбақ. Бұл іске 3 млрд доллар қаржы бөлініпті. Аталған жоба осы жылдың желтоқсан айында жүзеге аспақ. Сонымен қатар, Тайынша ауданында 47 мегаваттық жел генераторы орнатылмақ. Бұл жерде жел энергиясының әлеуеті ерекше зор. Қазақстандық инвесторлар аталмыш жобаны қолдап отыр.