МТРА жаңалықтары

“Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында латын әлібпиіне көшу мәселесі талқыланды

Қайсар Сәрсенбаев – Қазақстан коммунистік халық партиясы СҚФ 2-ші хатшысы:

– Түркі халықтары латын әлібпиін оңай үйренеді. Жазбадағы әріптер фонетикалық тұрғыда біздің тілімізге жақын. Мектеп жасындағы балалар жаңа графиканы бірден ұғып алады. Сол себепті, уақыт өткізбей латын әлібпиіне көшу керек деп санаймын.

Жаңа жазбаға көшуді жиынға қатысушы жастар да қолдайды. Солардың бірі -М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Бағдар Асқарбек. Ол қаламызға Қытайдан келіп білім алуда. Бойжеткен бүгінгі күні аспан асты елінде 2 миллион қазақ тұратындығын айтады. Қандастарымыздың басым көпшілігі 20-шы ғасырдың екінші жартысында латын қарпімен жазыпты. Кейін, барып төте жазуға өткен. Сол себепті де көрші мемлекеттегі ағайынға Қазақстандағы туған-туыстарымен хат алмасу латын графикасында жеңілге түседі екен.

Бағдар Асқарбек – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Біздің әке-шешелеріміз латын әлібпиімен жаза алады. Олар Қазақстанға қыдырып келсе жергілікті тұрғындармен емін-еркін сөйлесіп, латын жазбасында құжат толтырар еді.

Жиын барысында сөз алғандардың барлығы латын әлібпиінің тиімді тұстарын айтты. Графикадағы әріптердің дыбысталуы мен жазылуы жайлы сөз қозғады.

 

Култанов Байболат