Әр түрлі

Петропавл балық питомнигі Сергеев су қоймасына 96 мыңнан аса тұқы шабағын жіберді

Тиісті норма осы. Шабақтардың әрбірінің салмағы 12-20 граммды құрауы керек. Одан ауыр болса тіпті жақсы. Сонда кішкентай балықтардың көбі су тоғандарында оңай қыстап шығады екен. Жалпы, биыл Петропавл балық питомнигінің мамандары 53 млн-нан аса шабақты өңірдің өзен-көлдеріне жіберген.

Рустам Жаңабаев – Петропавл балық питомнигі директорының орынбасары:

– Біз жыл басынан бері су қоймаларына 13 млн 400 мың сиг тұқымды шабақ жібердік. Одан бөлек 40 млн кішкентай тұқыны да жөнелттік. Балықтардың жағдайлары жақсы болды. Салмақтары да жеткілікті. Олардың кем дегенде 80 пайызы тірі қалады.

Енді, бүгін балықтардың соңғы легі жөнелтілмек. Мамандар 96 мың 400 тұқы балығын арнайы бөшкесі бар көлікке тиеп жатыр. Шабақтар Сергеев су қоймасына жіберіледі.

Ержан Жұмабаев – Петропавл балық питомнигінің директоры:

– Биылғы мемлекеттік тапсырысты 100 пайыз орындадық. Жоспарлаған 54 млн-нан аса шабақтың барлығын өзен-көлдерге жібердік. Іске 30 млн 800 мың теңге қаражат ақша бөлінген болатын. Ол толығымен игерілді.

Күзде питомник мамандарының жұмысы тоқтап қалмайды. Олар алдағы бірер күнде облыс аумағындағы су айдындарынан сиг тұқымды балық уылдырықтарын жинауға кірісеміз деп отыр.

 

Култанов Байболат