Ауыл шаруашылығы

Мәжіліс депутаттары Қызылжар ауданындағы өндіріс орындарын аралады

Игорь Гришанов, “Әби-жер” ЖШС директоры:

– Біз өсіретін рапс майлылығы 50 пайызды құрайды. Бұл өте жоғары сапа. Тыңайтқыштарды өзіміз жасаймыз. Барлық химиялық көрсеткіштер бойынша біздің өнім Еуропада ең үздік саналады. Рапстан бөлек зығыр, күнбағыс, жасымық және дәнді дақылдар өсіреміз.

Жалпы, Қызылжар ауданындағы егіс алқабы биыл 198,1 мың гектарды құрап отыр. Майлы дақылдардың үлесіне 35,1 мың гектар тиесілі. Бүгінде олардың 21,8 мың гектары орылған. Ал дәнді дақылдардың 95%-ы жиналған.

Өмірбай Омаров, Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Дәнді дақылдар 113,5 мың гектар алқапты алып жатыр. Оның 110 мың гектары шабылып, 108 мың гектары бастырылды. Бір гектардан 19,1 центнер өнім алдық.

Кейін депуттаттар “Петерфельд агро” серіктестігіне ат басын бұрып, кәсіпорын жұмысшыларының еңбек жағдайымен танысты. Үстіміздегі жылы бұл кәсіпорын мемлекеттен 36 млн теңге субсидия алған. Қазір мұнда 800 бас ірі қара сауылып, тәулігіне 10-12 мың тоннаға жуық сүт өңдеуге жіберіледі.

– Сауу қондырғыларымыз заманауи. Мұнда тек 3 сауыншы жұмыс істейді. Әр бас күніне 16-17 литр сүт береді. Шикізаттың литрін 110 теңгеден сатамыз.

Бас сұққан өндіріс орындарының жұмысына халық қалаулылары оң баға берді. Солтүстік Қазақстан мал және егін шаруашылықтары жіті дамыған аймақ. Сондықтан теріскейдің шаруалары үшін бұл құжаттағы жайылымдар мен егістік жерлерді ұстауға қатысты талаптарды білу маңызды.

Сапархан Омаров, ҚР Парламент Мәжілісінің аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы:

– Біз аймақтағы аграрлық серіктестіктерге жер телімдерін жалға беру бойынша конкурс өткізу үрдісіне енгізілгелі жатқан өзгерістерді түсіндіріп жатырмыз. Ал мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарда үстіміздегі жылы қабылданған жайылымдар туралы заңның қаншалықты орындалып жатқанын тексердік. Онымен қоса, өңірдегі орақ науқанының жайын байқадық. Науқан тәмамдалуға жақын мұнда. Бұл қамбалар астықсыз қалмайды деген сөз. Біз бас сұққан серіктестіктердің бәрі заманауи технологияларды пайдаланады екен. Онымен қоса шикізат өңдеуші кәсіпорындармен де тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бұл аграрлық секторды дамытудың басты факторлары.

Жалпы мәжіліс депутаттары халықпен кездесіп, өткен жылы дау туғызған жер реформасына енгізіліп жатқан өзгерістерді түсіндіріп жүр. Биыл аталмыш заң жобасына 250 өзгеріс енгізу жоспарланған. Жергілікті халықтан түскен ұсыныстар құжатты қабылдағанда ескеріледі.

Саят Ермек