Балалар

“Жасыл ел” жасақтары 13 еңбек маусымын аяқтады

Жаз уақытында табиғатты көгалдандыруға ат салысатын солтүстікқазақстандықтардың қатары бұл жолы 665-ке жетті. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 30 млн теңге бөлінген екен.

Асқар Баймұқанов, “Жасыл ел” облыстық штабының жетекшісі:


– Бүгін біз “Жасыл ел” жасақтарының 13 -ші еңбек маусымының жабылу салтанатын өткізіп жатырмыз. Бізге артылған міндеттерді ойдағыдай орындап шықтық деп ойлаймын. Абаттандыруға атсалысып жүрген сарбаздарға 24 млн теңге төленді. Олар елді мекендер мен орман алқаптарын көгалдандырумен айналысты.

Маусым қорытындысы бойынша үздік еңбек еткендер алғыс хаттармен, сондай-ақ “Үздік жұмыс беруші”, “Үздік отряд”, “Үздік сарбаз”, “Үздік Бақ” сынды номинациялары бойынша бағалы сыйлықтармен марапатталды. Өз жерінің көркейіп, шаһардың гүлденуіне үлес қосып жатқандардың арасында “Үздік сарбаз” атауының иегері – Рустам Қалиев та бар. “Жасыл ел” жастар жасағына қатарынан 2-ші жыл қатысып отыр екен.

Рустам Қалиев, “Жасыл ел” жастар еңбек жасағының сарбазы:


– Жазғы демалыстарда уақытымды тиімді өткізу үшін “Жасыл ел” жастар еңбек жасағына кірдім. Жұмысым қиын емес. Өз қатарластарыммен бірге ашық аспан астында еңбек етіп, өңірімізді абаттандыруға үлесімді қостым. Бұл жасақта 2-ші жыл жұмыс істеп жатырмын. Бүгін “Үздік сарбаз” атауына ие болдым.

Сондай-ақ, жиын барысында “Жасыл ел” жастар еңбек жасағы жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында үздік баяндағаны үшін Муниципалдық телеарна да марапатқа ие болды.

Байболат  Култанов