Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге жұмыс сапарымен Парламент Мәжілісінің депутаттары келді

Сол себепті болар, үстіміздегі жылы жергілікті шаруалар мол табыс әкелетін алтын дәнді көп екті. Келер көктемгі дала жұмыстарында майлы дақылдар өсетін алқапты 1 миллион гектарга жеткізбек. Жиынға қатысып отырған мәжілісмендерге аймақ басшысы агроөнеркәсіп саласын дамыту үшін бірқатар жоспардың барын айтты. Дегенмен, істі жүзеге асыруға жерді жалға алып ап жауапсыздық танытқан тұлғалар кедергі келтіруі мүмкін.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Бізде берілген жерді тиімді пайдалана алмайтын шаруа қожалықтары бар. Бір ауылдық округте көршілес орналасқан серіктестіктің бірі гектарына 25 центнерден алса, екіншісі дәл сондай жерде 12 центнер, тіпті, одан да аз өнім алады. Осының салдарынан, елді мекендерден қоныс аударушы тұрғындардың саны көп. Соңғы 5 жылда облысымыздан 17 мыңнан астам адам көшіп кеткен. Олардың 76 пайызы -жұмысқа қабілетті адамдар.

Қазіргі таңда мәжіліс депутаттары еліміздің барлық аймағын аралап жүр. Олар өткен жылы дау туғызған жер реформасына енгізіліп жатқан өзгерістерді халыққа түсіндіруде. Солардың бірі қазақстандықтарға жерді жалға беру талаптарын жеткізу болып табылады.

Ерлан Нысанбаев – ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі:


–  Конкурсқа қатысатын іскер азаматтарға мынандай талаптар ұсынылады. Өз ауыл шаруашылығы жайлы бизнес жоспары болуы – шарт. Ол жерді алған жағдайда тұрғындарға жұмыс орындарын ашуы тиіс. Алқаптарды күтуі міндетті. Өнім көлемін ұлғайтып отыруы да қажет.

Жер туралы заң жобасы мәжілісте үстіміздегі жылдың наурыз айында қаралды. Депутатттар 250 түзетуді талқылап, оның 90 пайызын мақұлдады. Реформа әлі де қабылданбағандықтан өзгеріс енгізуге мүмкіндік бар. Осы орайда жерлестеріміз өз ойларын білдірді. Қазіргі таңда өңірде 170 агроқұрылым жоспарлы жұмыс істей алмай отыр. Сол себепті, халыққа да көмектесуге мүмкіндіктері жоқ. Мәселен,«Агрофирма-Виноградовка» ЖШС ұзақ жылдардан бері гектарына 5 центнерден ғана өнім жинауда.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:


– Бұндай серіктестіктерге қатысты тиісті шаралар қолдану қажет. 3 жыл ішінде облыс әкімдігімен мемлекет меншігіне 1 млн 30 мың гектар жер және 383 мың гектар егістік алқабы қайтарылды. Ал, биылғы жылы берілген жерді шаруашылық мақсатта қолданбаған кәсіпкерлерден 56 мың гектардай аумақ тартып алынбақ.

Жиында заң жобасын оңтайландыру үшін ақмолалық және қостанайлықтар өз ойларын айтуда. Соңғылары жалға беретін жердің келісім шартын біржақты түрде бұзуды ұсынады.
Сондай-ақ, жиында жер бір шаруа қожалығынан келесісіне өткенде ауыл тұрғындарының пайлары толығымен берілуі керектігі айтылды.
Отырыста көтерілген мәселелерді мәжілісмендер қарастырып, заңға енгізуге уәде берді.
Парламенттің төменгі палата депутаттары заң жобасын жыл соңына дейін мақұлдауы тиіс. Заң жобасына енбей қалған ұсыныстар келесі жылы міндетті түрде қайта қаралмақ. Еске сала кетейік, 2018 жылы елімізде жер Кодексін түбегейлі өзгертетін заң жобасы қарастырылмақ.

 

Байболат  Култанов