Мәдениет

Ақмола облыстық театры Петропавлда “Шәкәрім” драмасын қойды

Қос ғасыр байланысын да байқауға болады мұнда. Басты рөлде – Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Құмарбек Қалқатаев. Алаш тарихына есімі алтын әріптермен жазылған Шәкәрім секілді тарихи тұлғаның рөлін сомдау – асқан жауапкершілік дейді ол.

Құмарбек Қалқатаев – Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық- драма театрының актеры, Көкшетау қаласы:


– Рөлге тыңғылықты дайындалдым. Бала кезден Шәкәрімнің өлеңдерін жаттап, әндерін айтып жүрдім. Сахнада ойнау оңай емес. Көп тер төктім.

Пъеса өткен ғасырдың 20-сыншы жылдарынан сыр шертеді. Бұл ғұлама өмірінің соңғы жылдары. Шәкәрім Құдайбердіұлы қайда және қалай қаза болды, не себеппен? Қойылымды тамашалаушылар бұл сұраққа жауап ала алды.

Осыдан тура 1 жыл бұрын тұсауы кесілген қойылым өз көрерменін тауып үлгерген. Шәкәрімнің туған жерінде де сахналаныпты. Енді театр труппасы қызылжарлық көрерменнің жүрегін жаулауға келген.

Жаңыл Алтекова – Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық- драма театры директорының орынбасары, Көкшетау қаласы:


–  Спектаклдің қоюшы режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Мұратбек Оспанов. Қойылымның тарихи және тәрбиелік маңызы орасан. Мұндағы кейіпкерлердің бәрі өмірде болған. Петропавл қаласына гастрольдік сапармен Елбасының “Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында келіп отырмыз.

Тарихи драманы тамашалауға келгендердің қатары қалың. Залда ине шаншар жер жоқ. Қызылжарлық театрсүйер қауым көкшетаулық әртістердің өнеріне оң бағаларын берді.

1996 жылы құрылған Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрының құрамында қазір 45 актер өнер көрсетеді. Олардың тоғызы – “Мәдениет қайраткері” белгісінің иегерлері. Өнер ошағының қоржынында 100-ден аса қойылым бар.

 

Саят Ермек