Балалар

Петропавлда “Тіл – тұнық ойдың кәусары” қалалық байқауы өтті

Болашақ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі бүгін өзінің білімін сынауға келіпті. Нәзікжандының сөзінше, үштілді жетік меңгеру оның болашақ мамандығы үшін ерекше маңызды.

Гүлбахыт Кенжеболатова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Менің үш тілді білу деңгейім – өте жақсы. Себебі, мен кез-келген мәтінді қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне қиналмастан-ақ аудара аламын.

Байқау 3 кезеңнен тұрады. Біріншісінде қатысушылардың қазақ тілінде ойларын жеткізе алуы сыналмақ. Отбасы – қоғамның іргетасы. Достық – өмір шырағы. Мәңгілік елдің- мәңгілік тілі. Жастар осы сынды тақырыптарды ашып, мағынасын түсіндіруде. Ортаға өзінің ойымен бөлісуге Чинара Асланова шықты. Әзірбайжан ұлтының қызы мемлекеттік тілді жетік меңгеріпті және оны өзінің ана тіліндей көреді екен. Сондықтан, сұраққа мүдірмей жауап берді.

Әзірге, барлығы бұл тапсырманы шемішкедей шағуда. Алдағы кезең біршама күрделірек. Онда ағылшын тілінде эссе жазып, кейін қазақ тіліндегі мәтінді тез арада орысшаға аудару қажет. Бұл ретте қатысушылардың тілдерді меңгеру деңгейі мен жауаптың сапасы ескеріледі. Сондай-ақ, қазылар алқасы жазу сауаттылығы мен дыбысталуына мән береді.

Алтынай Сыздықова, Петропавл қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:

– Байқаудың мақсаты – тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, көп тілдң меңгерген тұлғаны тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді нығайту және өзге халқытардың мәдениеті мен тілін құрметтеу.

Байқау қатысушылары дипломдармен марапатталып, жеңімпаз қыркүйектің 21-і күні өтетін облыстық кезеңге жолдама алады.

 

Эльмира Садвокасова